Астана халықаралық форумы дүниежүзіне Қазақстанда жаһандық транзиттік хаб пен келіссөздер алаңына айналған жетекші ел екенін танытты. Бұл форум елдің ішкі мазмұнын көрсетіп қана қоймайды, сонымен қатар ішкі жүйені халықаралық модульдерге бейімдейтін геостратегиялық интерфейске айналды десек артық айтқандық болмас еді.
Көпшілік форумды әлі де мәдени-көпшілік іс-шара немесе пікір алмасу платформасы деп бағалайды. Бірақ бұл – ескірген түсінік. Шын мәнінде, Астана халықаралық форумы – soft power элементтерінің ішкі интеграциясы, парадипломатиялық тактика, инвестициялық иірім, әрі посткеңестік кеңістіктегі бейтарап аймақтық лидерлікті заңдастыру тетігі. Мұндай механизмдер қазіргі заманда тек сөз жүзінде емес, капитал айналымында және технологиялар трансферінде өлшенетіні белгілі.
Қазақстанның соңғы жылдардағы сыртқы саясатының векторы – прагматикалық көпвекторлылықтан бағдарлы бейтараптыққа қарай ығысып келеді. Мұндай кезеңде Астана форумының рөлі еселеп артатыны сөзсіз. Себебі, бұл форум арқылы еліміз әлемге постблоктық дипломатияның үлгісін ұсынып отыр. Форум жұмысына Еуроодақ, Қытай, АҚШ, Түркия, Ресей, Сауд Арабиясы сынды барлық елдер тұрақты түрде қатысып келеді. Әдетте басы қосылмайтын елдерді Астана халықаралық форумы бір үстелдің басына жинайды. Сөз жоқ, бұл институционалды сенімділіктің көрінісі. Дәл осындай ортада Kazakh Invest ұлттық компаниясының жұмысын атап өткіміз келеді.
Қазіргі таңда Kazakh Invest ұлттық компания еліміз үшін инвестициялық интерактор. Ол Қазақстанның экономикалық жүйесін шетел капиталына түсінікті етіп жеткізіп, байланыс орнататын дәнекер десек болады. Осы компанияның соңғы жылдардағы динамикасына қарасақ, Астана форумының ықпалы нақты өлшемдермен көруге болады. 2023 жылғы форумнан кейін Kazakh Invest арқылы келісілген инвестициялық жобалар саны 17%-ға артқан. Мұнда тек шикізат жобалары емес, жасыл энергетика, логистикалық инфрақұрылым, өңдеу өнеркәсібі және IT кластерлері секілді салалар қамтылды.
Астана форумының инвестициялық тиімділігі келіссөздер мен меморандумдардан ғана тұрмайды, сонымен қатар кез келген келісімінің сапалық құрылымы мен стратегиялық бағыты да басты орынға шығады. Яғни, бұрынғыдай тек «келеміз, көреміз, ойланып көреміз» деген ниет хаттар емес, нақты кезең-кезеңмен іске асырылатын маңызды жобалаға айналып отыр. Мұндай жобалар Қазақстан экономикасын алға сүйеуге жарамды нақты капиталы бар әріптестермен толығып келеді. Осылайша Kazakh Invest қазір жай ғана делдал емес, ұлттық инвестициялық сүзгі рөлін атқаруда.
Қазақстанның ішкі экономикалық ортасына келетін болсақ, форум – ішкі жүйелердің өзін сыртқы критерийлермен өлшеуге мәжбүрлейді. Бұл дегеніміз – трансұлттық талаптар бойынша мемлекеттік институттарды реформалау, инвестициялық климатты жаңғырту, салық және құқықтық механизмдерді модернизациялау. Яғни, форум арқылы тек шетелдік инвесторлармен кездесіп қана қоймаймыз, сонымен қатар ішкі жүйені сыртқы стандартқа бейімдеу процесі қатар жүруде. Бұл – экономикалық трансформацияның ең тиімді триггерлерінің бірі.
Астана форумының тағы бір маңызды қыры – геоэкономикалық метафора ретінде жұмыс істеуінде. Форум – бұл жаһандық нарықтың сенім индикаторы. Қай ел форумға делегация жібереді, қай ел қай деңгейдегі өкілмен қатысады – осының бәрі Қазақстанға деген қысқа және орта мерзімді сенім көрсеткіші. Яғни, форумға қатысушылардың сапасы – инвестиция тартудың алдын ала барометрі.
Kazakh Invest бұл индикаторларды нақты статистикаға айналдырып, келіссөздерді мемлекеттік қолдау құралдары арқылы бекітеді. Мемлекеттік жеңілдіктер, жер ресурстарына қолжетімділік, салық каникулы – мұның бәрі инвестордың тәуекелдерін азайтып, коммерциялық болжамды нақты бизнес-жоспарға айналдыруға мүмкіндік береді. Бұл ретте форум – бастапқы сенімді қалыптастыратын дипломатиялық базис, ал Kazakh Invest – сол сенімді нақты келісімдерге айналдыратын құрылымдық агент.
Тағы бір маңызды фактор – капиталдың географиясы өзгеріп келе жатыр. Бұрын инвестиция тек Батыстан келетін. Қазір форум арқылы Қазақстанға Таяу Шығыс, Оңтүстік-Шығыс Азия, Орталық Азия елдері мен Африка құрлығынан да капитал тартылуда. Бұл – біздің көпвекторлы саясаттың жаңа кезеңге өткенінің көрінісі. Kazakh Invest бұл капиталдарды салалық кластерлерге бағыттап, Қазақстандағы экономиканы әртараптандырудың нақты құралына айналып отыр.
Астана халықаралық форумы арқылы еліміз жаңа экономикалық дипломатияның модулін жасап шықты. Бұл – ресми сапар, бизнес-форум және ғылыми-практикалық конференция элементтерін бір арнаға біріктірген гибридті платформа. Бұл жерде шешімдер бір ғана ведомствоға тәуелді емес – мемлекет пен бизнес, қоғам мен халықаралық ұйымдар бірлесіп, инклюзивті келісім үлгісін қалыптастырып жатыр.
Жалпы, форумды сырт көзге жай ғана дипломатиялық жиын ретінде бағалауға болмайды. Бұл – қоғамдық келіссөздің жаңа форматы, бұл – инвестиция тартудың цифрлық және саяси экожүйесі, бұл – мемлекет брендінің әлем алдындағы институционалдық позициясы.
Қысқасы, Астана халықаралық форумы Қазақстанның қазіргі және болашақтағы геосаяси салмағын, экономикалық дербестігін және саяси бейтараптығын үйлестіретін құрал. Ал Kazakh Invest – сол құралды іске асыратын нақты тетік. Осы екеуінің ұтымды симбиозы еліміздің жаңа даму парадигмасының ядросына айналып келеді.