Қазақстандағы этносаралық келісім ел бірлігінің өзегі, ұлттық қауіпсіздік архитектурасының іргетасы десек артық айтқандық болмас еді. Бұл жолда алдыңғы шепте тұрған тұлғалардың бірі – Қазақстандағы шешен және ингуш мәдениетін дамыту қауымдастығы «Вайнах» этномәдени бірлестігінің төрағасы, Қазақстан халқы Ассамблеясы кеңесінің мүшесі, Ұлттық құрылтай мүшесі Ахмед Мурадов. Оның сөзінде – көрегендік бар, ойында – саяси сабақтастық, әрекетінде – тектілік пен сенім үйлесім тапқан. Dalanews.kz тілшілері алған сұхбатта Қазақстан халқы Ассамблеясының болашағы, «Вайнах» орталығының қызметі, Президент Тоқаевтың саяси бағдары мен ұлтаралық татулық мәселелерін тереңінен талқыладық.
– Ахмед мырза, жақында Қазақстан халқы Ассамблеясының жаңа даму жолдарына қатысты пікір білдіріп, оны біртұтас ұлтты қалыптастырудағы басты институт ретінде атап жүргеніңізді білеміз. Осы ойыңызды сайтымыздың оқырмандарына тарқатып айтып берсеңіз?
– Ассамблея – жай ғана мәдени ұйым емес, ол – саяси және идеологиялық кеңістікте ішкі тұрақтылықты қамтамасыз ететін негізгі құрал. Бүгінде біз жаңа тарихи кезеңге аяқ бастық. Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының нақты айтқаны бар – Қазақстанда заң үстемдігі, қоғамдық келісім мен бірлік үстем болуға тиіс. Бұл стратегиялық мақсатқа жету үшін Ассамблея халық арасындағы сенім көпірі болуы керек деп есептеймін. Өйткені оған Ассамблеяның мүмкіндігі жетеді. Қазіргі таңда бұл құрылымның ел арасындағы арасындағы әлеуметтік-көзқарастық шиеленістерді жұмсартатын медиатор институтына айналғанын бәріміз көріп отырмыз.
Менің ойымша, Ассамблея ендігі жерде тек мерекелік сипаттағы жиындарға ғана емес, ғылыми-сараптамалық, білім беру және саяси талдау орталығына айналуы тиіс. Біздің мемлекет постэтникалық модельге қарай бет бұрып келеді – бұл дегеніміз, ұлт деген ұғым этникалық емес, азаматтық-идеялық тұтастықты білдіреді. Міне, Ассамблея алдағы уақытта осы миссияны қалыптастыруға күш салуы керек.
– Бұл өте батыл тұжырым. Ал қазіргі саяси ландшафтта Ассамблеяның рөлі сіздіңше жеткілікті деңгейде бе?
– Әлі де болса біз кейде Ассамблеяны архаикалық құрылым ретінде қабылдаймыз. Оны мұражайға қойып, «әттеген-ай» деген естеліктердің қатарына қосқымыз келеді. Мұндай оймен келспеймін. Керісінше, Ассамблея – модернизацияға бейім құрылым. Мемлекет басшысы өткен жиында нақты айтты – провокациялық мәлімдемелерге жол жоқ, әсіресе этносаралық салада. Бұл – өте маңызды сигнал. Себебі қоғамда әртүрлі көзқарастар бар, бірақ олардың бәрі құқықтық шеңберде өрбуі керек.
Сонымен қатар Президент Тоқаев Ассамблеяның жұмысын ғылыми сараптамаға негіздеуді тапсырды. Яғни, жеке тұлғалардың пікіріне сүйенбей, нақты дерек пен талдауға сүйену қажет. Бұл – этносаяси шешім қабылдаудағы институционалдық жауапкершілікті арттыруға бағытталған қадам деп есептеймін.
– Сіздіңше, Ассамблеяның кадрлық құрамы мен құрылымдық реформалары қандай болуға тиіс?
– Бұл мәселе өте өзекті. Қазір көптеген аймақтарда Ассамблея филиалдары формалды жұмыс істеп отыр. Жиын өткізеді, есеп береді – бірақ нақты әлеуметтік трансформация жасап отырғаны шамалы. Бізге жаңа буын керек. Мемлекетшіл, саяси мәдениеті жоғары, кәсіби модераторлар қажет. Ассамблея қатарындағы жастар мен этномәдени орталық басшылары саясаттан, коммуникациядан, конфликтологиядан хабардар болуы тиіс.
Сондай-ақ, Ассамблея құрылымын қоғамдық кеңестермен, аналар алқаларымен, діни бірлестіктермен, жергілікті БАҚ-пен тиімді интеграциялау қажет. Бұл – көп деңгейлі әлеуметтік бақылау тетігін құруға мүмкіндік береді.
– Сіз жетекшілік ететін «Вайнах» этномәдени орталығы туралы толығырақ айтып өтсеңіз. Қандай жобалармен айналысасыздар?
– Қазақстандағы шешен-ингуш халқы үшін «Вайнах» ұйымы тарихи жады мен қазіргі саяси сана тоғыстыратын маңызды құрылым. Біз шешен және ингуш халықтарының Қазақстандағы тағдырын жақсы білеміз. 1944 жылы сталиндік режим оларды Орталық Азияға депортациялады. Сол кезде қазақ халқы өз нанын бөлісіп, үлкен рухани, адамгершілік қолдау көрсетті. Біз соны ұмытқан жоқпыз. Ешқашан ұмытпаймыз. Біз қазақ халқына мәңгі қарыздармыз.
Бүгінгі күні «Вайнах» орталығы жастармен жұмыс істейді, мемлекеттік тілді үйрену курстарын ұйымдастырады, әдебиет, тарих, театр арқылы ұлттық бірегейлік пен патриотизмді қалыптастыруға күш салып келеді. Мемлекеттік саясатты насихаттау ісіне біз де белсенді араласамыщ.
– Сіз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевты қандай көшбасшы ретінде көресіз?
– Президент Тоқаев – бұл заманның сұранысына жауап беретін көшбасшы. Ол – дипломат, саясаткер, заңгер, әрі гуманист. Ең бастысы – ол мемлекетшіл. Оның әрбір сөзі, әсіресе этносаралық келісімге қатысты айтқандары – стратегиялық мазмұнға ие. Ол ешқашан популизмге жол бермейді, бұл оның басты артықшылығы.
Тоқаевтың қазақ тілін дамытуға қатысты көзқарасы – біз үшін өте маңызды. Мемлекеттік тіл – бұл тек коммуникация құралы емес, бұл – ұлттың санасын біріктіретін матрица. Президент қазақ тілін білу – барша қазақстандық үшін құрметтің, адалдықтың белгісі екенін нақты айтты. Бұл – әділеттілік принципіне негізделген ұстаным.
Ол Ассамблеяны – ұлт бірлігінің институты деп атады. Бұл жай ғана саяси риторика емес. Бұл – нақты саяси тапсырма. Президенттің саяси ерік-жігері бар, ендігі кезекте осы тапсырманы тиімді орындайтын кадрлар мен құрылымдар қажет.
– Мурад мырза, сізді Қазақстандағы ұлтаралық татулықтың басты факторлары қандай деген сауал мазаламай ма?
– Әрине мазалайды. Себебі татулық – өзінен өзі орнай салатын құбылыс емес. Ол – еңбектің, саясаттың, тәрбиенің, коммуникацияның, құқықтық тәртіптің нәтижесінен туындайтын нәжік дүние. Меніңше, негізгі үш фактор бар. Бірінші – заң үстемдігі. Этнос, тіл, дін – ештеңе де заңнан жоғары емес. Барлығына ортақ ереже бар, және ол бұзылмауы тиіс.
Екінші – әділдік. Егер адамдар мемлекеттік құрылымдарда, экономикалық мүмкіндіктерде, білім беру жүйесінде тең екенін сезінбесе – бұл жерде бірлік болмайды. Үшінші – сенім. Мемлекет пен азамат арасындағы сенім – ең қымбат валюта. Ол тек сөзбен емес, нақты іспен қалыптасады.
– Соңғы сұрағымыз, сіз Қазақстандағы этносаралық келісім моделін қалай сипаттар едіңіз?
– Өз басым бұл модель – посткеңестік кеңістіктегі ең сәтті жоба деп есептеймін. Ол ешкімді шеттетпейді, ешкімге басымдық бермейді. Оның негізінде парасат, сабыр, заң мен әділет тұр. Қазақстанда әрбір этнос – мемлекеттің серіктесі. Біз ұлтшылдыққа да, космополитизмге де ұрынған жоқпыз.
Бүгінгі жаһандық жағдайда – бұл модельдің құны одан сайын арта түсті. Себебі этностар арасындағы шиеленіс – гибридтік соғыстардың басты құралына айналды. Қазақстан бұған өз тәуелсіздігінде жол берген емес. Біз біргеміз. Бір шаңырақ астында. Сол шаңырақтың уығы – халықтың сенімі болса, керегесі – біздің бірлігіміз.
– Әңгімеңізге рахмет!