Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева Спорт министрлігінің ресми жауабына пікір білдіріп, шахматтың «басым емес спорт түрлері» қатарына жатқызылғанына наразылық танытты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Оның айтуынша, министрліктің «шахмат басым спорт түрлеріне жатпайды» деген жауабын бірнеше рет қайта оқуға тура келген.
«Жуырда ғана Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев елдің стратегиялық бағытын айқындап, “Күшті ұлт күшті интеллектіден басталады. XXI ғасырда басты ресурс – шикізат емес, білім” деген еді. Әлемнің жетекші елдерінде шахмат жай ғана спорт емес. Бұл – стратегиялық ойлау, интеллектуалдық капитал және мемлекеттің бәсекеге қабілеттілігінің символдарының бірі», – деп жазды шахматшы.
Бибісара Асаубаева егер шахмат шынымен де басым бағыттардың қатарына кірмесе, онда мемлекет тарапынан көрсетілген жоғары марапаттардың мәні қандай деген сауал қойды.
«Егер шахмат басымдыққа ие болмаса, онда президент мені II және III дәрежелі “Барыс” ордендерімен қандай еңбегім үшін марапаттады?» – дейді ол.
Шахматшы қазіргі таңда әлемдік рейтингте бесінші орында тұрғанын атап өтті. Оның пікірінше, министрліктің жауабынан шығатын қорытынды – елдің интеллектуалдық болашағына шенеуніктерден бұрын ата-анасы инвестиция салған.
«Менің ата-анам ғана емес, дәл осындай жолды таңдаған мыңдаған отбасы Қазақстанның интеллектуалдық болашағына үлес қосып жатыр», – деген ой айтты спортшы.
Асаубаеваның сөзінше, Қазақстанның болашағы интеллектімен, біліммен, ғылыммен және адами капиталдың сапасымен айқындалады.
Ол сондай-ақ Спорт министрлігінің ұстанымы президент белгілеген бағытқа қаншалықты сәйкес келетіні туралы мәселе көтерді.
«Шахматқа деген көзқарас – интеллектіге деген көзқарас. Ал интеллектіге деген көзқарас – елдің болашағына деген көзқарас. Сірә, Спорт министрі басқа бағытты ұстанатын сияқты», – деп түйіндеді Бибісара Асаубаева.
Еске салайық, шахматтан үш дүркін әлем чемпионы Бибісара Асаубаеваның жалақысының қысқаруы заңнамаға жақында енгізілген өзгерістерге байланысты екенін Туризм және спорт министрлігі мәлімдеді. Салалық ведомство танымал спортшының үндеуіне жауап берген.
Өзгерістерге сәйкес, шахмат алдағы Азия ойындарының бағдарламасына енбегендіктен, басым спорт түрлері қатарынан шығарылған. Мемлекеттік органның мәліметінше, соңғы үш жылда Бибісара Асаубаеваны федерация, министрлік және ведомствоға қарасты ұйымдар тарапынан қаржыландыру көлемі шамамен 700 миллион теңгені құраған. Сонымен қатар Қазақстан шахмат федерациясы оған арналған жеке сыйақы жүйесін қарастырған.
Халықаралық гроссмейстер видеоүндеуінде жалақысының үш есеге қысқарғанын, ал жарыстарға дайындық шығындарының бір бөлігін өз қаражаты және ата-анасының көмегі арқылы өтеуге мәжбүр екенін айтқан болатын. Сондай-ақ Бибісара Асаубаева өткен жылдың соңында Президент жарлығымен марапатталған II дәрежелі «Барыс» орденін әлі күнге дейін алмағанын мәлімдеді.