Freedom Inside '26

Министрлік Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді

Министрлік Бибісара Асаубаеваның мәлімдемесіне жауап берді

Туризм және спорт министрлігі шахматшы Бибісара Асаубаеваның Президент Қасым-Жомарт Тоқаевқа жолдаған үндеуінен кейін шұғыл брифинг өткізіп, спортшыны қаржыландыру мәселесіне қатысты түсініктеме берді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Туризм және спорт вице-министрі Серік Жараспаевтың айтуынша, Бибісара Асаубаеваға халықаралық жарыстарға дайындалу үшін мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлініп келеді.

Оның сөзінше, 2025 жылы заңнамаға енгізілген өзгерістерге байланысты шахмат олимпиадалық спорт түрлерінің қатарынан шығарылған. Соған сәйкес тарифтік тор қайта қаралып, спортшының айлық жалақысы шамамен 1 миллион теңгеден 300 мың теңгеге дейін төмендеген.

Соған қарамастан, министрлік өкілдері соңғы жылдары Бибісара Асаубаеваны дайындауға бөлінетін қаржы көлемі артып отырғанын атап өтті. Ведомство мәліметінше, биыл ғана халықаралық жарыстарға дайындық үшін арнайы қордан 100 миллион теңге бөлінген. Ал соңғы үш жылда спортшының дайындығына бағытталған қаражат көлемі 243 миллион теңгеге жуықтаған.

Серік Жараспаев сондай-ақ шахматшыға берілген ІІ дәрежелі «Барыс» орденінің табысталмауына қатысты пікір білдірді.

«Бұл марапат спортшыға әлі жеткен жоқ деген ақпарат бар. Негізінде ол 8 наурыз мерекесіне орай Ақордада тапсырылуы тиіс еді. Алайда Бибісараның жарыс кестесі тығыз болғандықтан, іс-шараға қатыса алмады. Елге оралғаннан кейін марапат міндетті түрде жеке табысталады», – деді ол.

Еске салайық, бұған дейін әлемнің бірнеше дүркін чемпионы Бибісара Асаубаева Мемлекет басшысына видеоүндеу жолдап, кәсіби спортшыларды қолдау мәселесіне назар аударуды сұраған болатын. Шахматшының айтуынша, халықаралық жарыстарға дайындық кезінде кейбір шығындарды өзі мен ата-анасы көтеруге мәжбүр болған.