Freedom Inside '26

«Не істеуім керек, президент мырза?» – Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады

«Не істеуім керек, президент мырза?» – Бибісара Асаубаева Тоқаевтан көмек сұрады
fide.com

Қазақстандық шахматшы Бибісара Асаубаева мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа үндеу жасап, кәсіби спорттағы мәселелер мен қаржылық қолдау тапшылығы туралы айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Әлемдік рейтингте бесінші орында тұрған гроссмейстердің сөзінше, қазіргі таңда оның алдында тек төрт қытайлық шахматшы ғана бар.

«Мен әлемдік рейтингте бесінші орында тұрмын. Алдымда тек төрт қытайлық бар. Қалған әлемнің бәрін артта қалдырдым», – деді спортшы.

Бибісара Асаубаева жақында ғана беделді Norway Chess турнирінде мерзімінен бір айналым бұрын чемпион атанғанын еске салды. Оның айтуынша, жарысқа дайындық жеке жүлде қорынан және ата-анасының қаражаты есебінен жүргізілген.

Шахматшының айтуынша, турнирге көмектескен секунданттар мен аналитиктердің еңбекақысы әлі күнге дейін төленбеген.

Ол президенттің өзін елдің «алтын қорына» жатқызғанын еске алып, жетістіктердің үлкен еңбекпен келетінін айтты.

«Менің медальдарым орасан еңбекпен, денсаулықпен және төзіммен келеді. Барлық кедергілерге қарамастан, еліміздің абыройы мен туын биік ұстап келемін», – деді Асаубаева.

Спортшының мәлімдеуінше, шахматтан әлем чемпионатын жеңгені үшін берілетін сыйақы көлемі небәрі 2 мың долларды құрайды. Ал Олимпиада жүлдегерлері үшін бұл көрсеткіш 250 мың долларға жетеді.

«Қазақстанда меннен басқа ересектер арасында әлем чемпионы атанған шахматшы жоқ», – деді ол.

Асаубаеваның айтуынша, 2023 жылы әлем чемпионатындағы екінші алтын медалінен кейін оған Спорт министрлігі желісі бойынша ай сайын 1 миллион теңге көлемінде жалақы төленген. Алайда 2025 жылы министр Ербол Мырзабосынов қызметке келгеннен кейін бұл төлем үш есеге қысқарған.

Сонымен қатар шахматшы Қазақстан шахмат федерациясынан ешқашан жалақы алмағанын мәлімдеді.

Оның сөзінше, 2025 жылдың соңында блиц бойынша үшінші мәрте әлем чемпионы атанып, шахмат тәжіне үміткерлер турниріне қатысу құқығына ие болған. Бірақ бұл жетістікке қарамастан, министрлік тарапынан төлем көлемі өзгермеген.

Бибісара Асаубаева биыл қаңтар айында жаттықтырушысымен бірге спорт министрімен кездесіп, федерацияға бөлінген қаржының жеткіліксіз екенін жеткізгенін айтты.

«Министр "Спорт қоры" арқылы жүз пайыз көмектесеміз деп уәде берді», – деді ол.

Шахматшының айтуынша, кейін қорға өтінім берілгенімен, қажетті қаражаттың тек бір бөлігі ғана бөлінген. Соның салдарынан секунданттар қашықтан жұмыс істеуге мәжбүр болған.

«Мен осындай маңызды жарысқа секунданттарын алып келе алмаған жалғыз шахматшы болдым», – деді спортшы.

Ол үміткерлер турнирінде екінші орын алғанын да атап өтті.

Кейін министрліктің ұсынысымен қорға тағы бір өтінім берілген. Асаубаеваның айтуынша, вице-министр Серік Жараспаев WhatsApp арқылы қамқоршылық кеңес өтінімді мақұлдағанын хабарлаған. Алайда біраз уақыттан кейін қор басшылығы өтінімді себепсіз кері қайтарған. Шахматшы тағы бір мәселеге тоқталып, өзіне 2025 жылғы 30 желтоқсанда президент жарлығымен II дәрежелі «Барыс» ордені берілгенін, бірақ марапатты әлі күнге дейін алмағанын айтты.

Оның сөзінше, Спорт министрлігінің шақыруымен марапатты алу үшін Астанаға үш рет барғанымен, әр сапар кейінге шегерілген.

«Өкінішке қарай, өз орденімді әлі күнге дейін алған жоқпын», – деді ол.

Сондай-ақ Асаубаева сәуір және мамыр айларында президенттің атына үш хат жолдағанын, бірақ әлі жауап келмегенін мәлімдеді. Хаттардың көшірмесі министрге WhatsApp арқылы да жіберілгенімен, жауап болмаған.

Үндеуінің соңында шахматшы алдағы маңызды жарыстар мен оқу-жаттығу жиындары алдында өзін толғандырған сұрақты қойды.

«Алдымда үлкен жарыстар, жиындар және көп жұмыс тұр. Не істеуім керек, президент мырза?» – деп сөзін түйіндеді Бибісара Асаубаева.