Өңір басшысының айтуынша Арыста 2015-2017 жылдар аралығында индустриаландыру бағдарламасы аясындағы бес жоба мақұлданып, жалпы құны 51,6 миллиард теңгеге 130-дан астам жаңа жұмыс орнын құрайтын төрт жоба іске қосылған. Ал, 2017-2019 жылдар ішінде индустриаландыру картасы шеңберінде үш жобаны іске асыру жоспарлануда. Егер жоспар ойдағыдай болса, тағы жүздеген жұмыс орындары ашылады.
Сонымен қатар, қала әкімі Елбасы Жолдауы негізінде жүктелген міндеттерді жүзеге асыру бойынша аграрлық секторда атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталды. Биыл Арыста 900 гектар жерге тамшылатып суару әдісі енгізіліп, жоспарланған меже толығымен орындалды. Қосымша 2,0 гектар жерге жылыжай салынды, жыл соңына дейін тағы 5,0 гектар жылыжай салу тапсырмасы жүзеге асады. Бәсекеге төтеп беру үшін тек жаздыгүні емес, қыстыгүні де халықты балғын көкөністермен қамтамасыз ету маңызды. «Шардара десе балық, Сарыағаш десе минералды су көзіңізге елестейді. Арыс десе тосылып қалатындарыңыз анық. Біз осы олқылықты реттеу үшін қала брендіне – қауынды лайық деп таптық. Алматы респулбикаға апортымен танымал болса, біз дәмі тіл үйіретін қауын арқылы танылсақ дейміз. Бұл үшін ауыл шаруашылығымен айналысатындарға қолдан келгенше көмек көрсетудеміз. Дегенмен, бір қауынмен шектеліп қалуға болмайды. Естеріңізде болса, Арыстан шыққан минералды су КСРО тұсында бүкіл Одаққа тараған. Біз осы зауытты қайта жандандырып, «Арыс» брендті минералды сусынын қайта шығаруды қолға алдық», - деді әкім.