Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының «Ұлт Жоспары 100 нақты қадам» Жолдауының 86,87 қадамдарында туризмді дамыту мен кластерлер құру, Қазақстанды әлемге соның ішінде туристерге таныту мен жарнамалау мақсатында нақты және дәлелді түрде мәселелер көтерілген және тапсырмалар берілген. Тапсырмаға сәйкес Отырар ауданының әкімі Ерлан Айтаханов ауданда этномәдени ауылдың бой көтеріп жатқанын кезекті баспасөз мәслихатында хабарлады: «Облыс әкімі Жансейіт Түймебаев туризм саласын дамыту арқылы қазынаға қосымша қаржы түсіруге болатынын жиі айтып келеді. Өткенде ТҮРКСОЙ ұйымы ұйымдастырған «Түркістан – түркі әлемінің мәдени астанасы» жобасы аясында Отырарға АҚШ, Франция, Түркия елдерінен 50 турист келді. Біз оларды күтіп алып, Арыстанбаб секілді тарихи кесенелерге апардық. Дегенмен, шынымды айтсам, олар аса қызығушылық таныта қоймады. Сөйтсек, оларға тұрмыстық салт-дәстүрлер, жергілікті мәдениет қызықтырақ екен. Сол кезде олар бізден Орта ғасырдағы қазақ халқы пайдаланған бұйымдарды сұрады. Дереу жергілікті қолөнер шеберлерін, зергерлерді шақыртып, туристермен сауда-саттық жасадық. Айналдырған 3-4 сағатта туристерден қазынаға 1100 еуро түсті. Сөйтіп, олар киіз үйді, оның ішіндегі ұлттық жиһаздарды, аспаптарды көргілері келетінін айтты. Ең соңы бізге өз ұсыныстарын айтты. Нәтижесінде этноауыл жобасы дүниеге келді, - деп келешекте Отырарда туризм саласы қарыштап дамитынына сенім білдірді.
Айта кетейік, Жоспардың 86 қадамында айтылған «Ұлы Жібек жолын қайта жаңғырту» атты кластер дәл осы Оңтүстік Қазақстан облысына арналған. Кластер 28 мұражайды, 8 театрды, 431 кітапхананы, клуб үлгісіндегі 268 мекемені, 5 кинотеатрды, 39 мәдениет және демалыс саябақтарын, 2 циркті, хайуанаттар бағын, бір концерт ұйымын қамтиды. Тарихи-мәдени объектілердің қатарына мыналар кіреді: ежелгі Түркістан мен «Әзірет-Сұлтан» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-мұражайының ескерткіштері, ортағасырлық Отырар қалашығы мен Отырар даласының археологиялық объектілері (ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген), Сауран археологиялық кешені, Ақыртас сарай кешені, палеолитикалық учаскелері мен геоморфологиясы бар Қаратау мемлекеттік табиғи қорығы, ЮНЕСКО-ның алдын ала тізіміне енгізілген Арпа-Өзен петроглифтері, Қорқыт Ата мемориалдық кешені және тағы да басқалар.
Дереккөз: "Ойнет" сайты