YouTube желісіндегі 700 мыңға жуық жазылушысы бар «Air Crash Investigation Игорь Зырянов» арнасында 2024 жылғы 25 желтоқсанда Ақтау маңында апатқа ұшыраған AZAL әуе компаниясының Embraer 190 ұшағына қатысты видео жарияланды. Айта кетерлігі, бұл материал ресми тергеу қорытындысы емес, тек ашық деректерге сүйене отырып жасалған бейресми талдау, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Ұшу алдындағы жағдай
AZAL 8243 рейсі Баку – Грозный бағыты бойынша ұшқан. Экипаж құрамында 15 мың сағаттық ұшу тәжірибесі бар командир Игорь Кшнякин және 800 сағаттай ұшқан екінші пилот Александр Кальяников болған. Олар медициналық тексерістен және ұшу алдындағы дайындықтан толық өткен, Грозный әуежайындағы метеожағдайлармен де танысқан.
Грозныйдағы ауа райы күрделі, бірақ қонуға рұқсат етілген деңгейде болған – бұлттылық төменгі шегі 210 метр, көлденең көріну – 3100 метр. Дегенмен, ауа райы кез келген сәтте нашарлауы мүмкін болған.
Техникалық дайындық
Silkway Technics мамандары ұшақты толық тексерістен өткізген. Барлық жүйелер жұмыс істеп тұрды, жанармай толтырылған, герметикалар қалыпты. Экипажға ұшуға рұқсат берілген.
Бағыт жүйелерінің істен шығуы
Ұшқаннан бірнеше минут өткен соң экипаж алғашқы техникалық ақауларға тап болды – GPS жүйесінің екі жиынтығы бір уақытта істен шыққан. Бұл ұшудың әрі қарай жалғасуын қиындатты, себебі ұшақтың қонуы спутниктік навигацияға негізделген RNP жүйесіне тәуелді болатын.
Грозныйда балама жүйелер болмаған: басты курс-глиссадалық жүйе техникалық қызмет көрсетуге жабық еді, ал радиомаяк бойынша қону әдісі – күрделі және сирек қолданылатын тәсіл. Оның үстіне, бұлттылық шегі қажетті 260 метрден төмен болып, жағдайды күрделендірді.
Қонуға алғашқы әрекет
Экипаж алғашқы қону әрекетінде ұшу-қону жолағын визуалды көре алмағандықтан, екінші айналымға шығуға мәжбүр болды. Қайта қону кезінде командир биіктікті өлшеуде қателік жіберіп, аспаптар 160–170 метрге артық биіктік көрсеткен. Бұл финалдық кезеңде қауіпсіздік сезімін жалған туғызуы мүмкін еді.
Қысым және шешім қабылдау
Экипаж психологиялық қысымға тап болған. Қаншалықты қатты турбуленттілік болғаны немесе жағдайды қалай бағалағаны нақты белгісіз. Бірақ видеодағы мәліметке сәйкес, Грозныйдан резервтік әуежайға ұшу — жалғыз дұрыс шешім болған.
Бакуге бағыт алып, күтпеген жағдайға тап болу
Екінші сәтсіз қону әрекетінен кейін экипаж рейсті бастаған Баку қаласына қайтуға шешім қабылдады. Бірақ бағыттан шыққаннан кейін бірнеше минуттан соң ұшақтың сыртына екі қатты соққы болған. Содан кейін басқару жүйелері істен шығып, автопилот пен автоматты тарту жүйесі өшіп қалған.
Бейресми нұсқа бойынша, бұл сыртқы әсер ұшақтың құрылымын немесе маңызды басқару жүйелерін зақымдауы мүмкін. Экипаж биіктікті және бағытты жоғалта бастады. Осы сәтте барлық үш гидрожүйеде де қысым төмендеп, биіктікті және қанат басқаруын мүмкін етпейтін жағдайға жеткізді.
Ақтауға шұғыл қону әрекеті
Критикалық жағдайды ескерген экипаж Ақтауға шұғыл қонуды ұйғарды. Басқару жүйесінің толық істен шығуы мен қиын метеожағдайларға қарамастан, ұшқыштар ұшақты 1800 метр биіктікке дейін түсіріп, Ақтауға бағыттады.
Әуежай диспетчерлері алдын ала ескертілген, жергілікті өрт сөндіру және құтқару қызметтері дайын тұрған. Алайда ұшақ әуежайдан 5 шақырым қашықтықта, шассиі мен қанаттары ашық күйінде, оңға қисайған қалпында жерге соғылды. Құтқарушылар 7 минут ішінде апат орнына жетіп, шұғыл әрекетке кірісті.
Бортта болған 67 адамның 39-ы қаза тауып, 28 адам аман қалды. Экипаж мүшелері төтенше жағдайда көрсеткен батырлығы үшін Әзірбайжанның ұлттық медальдарымен марқұм күйінде марапатталды.
Тергеу жалғасуда
Бұл бейнероликтегі мәліметтер тек алдын ала ашық деректерге сүйенген бейресми болжам екенін авторлар атап өтеді. Ресми себептер тергеу аяқталған соң ғана белгілі болады. Тергеуге Қазақстан, Әзірбайжан, Ресей және Бразилия сарапшылары қатысып жатыр.