«Бүгінгі кездесуіміз «Байсерке» ЖШС базасында өтіп отыр. Бұл қожалық бүгінде табысты жұмыс істеп отыр. Дегенмен «Неге мұндай шаруашылықтар саусақпен санарлық?» деген сұрақ туындайды. Оның екі себебі бар. Біріншіден, біздің кәсіпкерлер ауылға инвестиция тарту үшін бизнес тартымды, тиімді болуы керек. Бизнес ауыл шаруашылығына салған ақшасын еселеп қайтарып алып, табыс табатынына көз жеткізуі тиіс. Біздегі ауыл шаруашылығы жерлерінің 93 пайызы «тәуекелдік егістік» аумақта орналасқан. Сондықтан мемлекеттік қолдау жүйесін қарастыруымыз қажет», - деп атап өтті А.Күрішбаев.
Оның пікірінше, соңғы кезде ауыл шаруашылығы саласында өте жақсы, жан-жақты талқыланған бағдарламалар қабылданды.
«Бизнестің жол картасы-2020» деген жақсы бағдарлама қолға алынды. Біздің кемшілігіміз, сол бағдарламаларды орындап жатқан жоқпыз. Мемлекет тарапынан берілетін қаржы қысқарып қалды. Соңына дейін жеткізбедік», – деп толықтырды комиссия мүшесі.
А.Күрішбаев айтуынша, екінші осал жеріміз, елімізде аграрлық ғылым дамымаған.
«Аграрлық ғылым – ауыл шаруашылығының іргетасы. Ашық айтатын болсақ, бізде бұл іргетас өте аласа. Үздік ғалымдарымыз жұмыс істеп жатыр. Алайда олар аз. Бір мысал, келтірейін. Еуропаның ортасында орналасқан Голландия деген мемлекеттің жері 41 мың шаршы метр екен, біздің Алматы облысының бестен бір бөлігі. Бірақ Голландия жылына 50 млрд АҚШ долларына ауыл шаруашылық өнімдерін экспорттайды. Ал біз бүкіл Қазақстан болып 5 млрд доллардың өнімін шығарамыз. Міне, біздің әлеуетіміз осындай. Голландияның министрлік басшыларынан мұның сырын сұрағанымда: «Біздің бір-ақ құпиямыз бар, аграрлық ғылым жақсы дамыған» деді. Сондықтан, біз аграрлық ғылымды қолға алуымыз керек», – деп түйіндеді ғалым. +
Дереккөзі: BNews.kz