Алматылық блогер көтерме базар мен супермаркеттегі азық-түлік бағасын салыстырып көрді

Кәмшат Тілеухан 29 қыр. 2025 15:16

Алматылық блогер көтерме базар мен қаладағы супермаркеттерінің біріндегі азық-түлік бағасын салыстырып көрді. Ол бұл туралы Instagram-дағы парақшасында видео жариялады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Розыбакиев көшесіндегі танымал супермаркеттің біріне бас сұққан блогер Влад Притуляк екі арадағы бағада кәдімгідей үлкен айырма барын анықтады.

Мысалы, көтерме саудада Alpen Gold шоколады 450 теңге тұрса, ал супермаркеттегі құны 1179 теңге болып шықты. Бағадағы айырмада шамамен 2,5 есе қымбатшылық бар. Тауық еті де базарда арзанырақ екен: Magnum-да оның бір келісі 2275 теңге тұрса, базар сөресіндегісі -  1750 теңге. Тауық етінің басқа түрлері бойынша баға айырмасы кемінде 500 теңгені құрайды.

Базарда жұмыртқаның 10 данасын 520 теңгеден табуға болса, дүкендегісі 895 теңгеден басталады. Көтерме саудада 6%-дық сүттің 1 литрі - 500 теңге, супермаркеттегісі - 665 теңге. Макарондардың бір келісі базарда 350-400 теңге аралығында болса, ал сауда желісінде 455-497 теңгеден сатылады.

Бірақ осыған ұқсас кері жайттар да тіркелген. Мысалы, 1 литр күнбағыс майының көтерме саудадағы құны 810-900 теңге болса, сауда желісінде 781 теңгені қамтиды. Қант та супермаркетте әлдеқайда арзан болып шыққан: оның 1 келісі базарда 500 теңге тұрса, дүкендегісі - 399 теңге.

Бәрінен бұрын картоп бағасы ерекше көзге түсті: базарда бөлшек саудада оның 1 келісі - 250 теңге, көтерме саудада 200 теңге, ал супермаркеттегі құн - 176 теңге.

Бұған дейін экономисттің табысы өскен халықтың жағдайы неге жақсармай жатқанын цифрлармен дәлелдеп берген болатын. Руслан Сұлтановтың айтуынша, 2025 жылдың II-тоқсанында жан басына шаққандағы ақшалай табыс 359 638 теңгеге жетіп, бір жылда 8,9%-ға артыпты. Қағазда бұл өсім позитивті қарқын ретінде көрсетіледі. Алайда қымбатшылық үдеп, тұтыну бағасы жоғары қарқынмен екпіндеп жатқан өмірде мұндай номиналды өсім халық жақсырақ өмір сүре бастады дегенді әсте білдіре алмайды. Тек олардың шығыны қымбаттай түскені ғана айқындайды. 

"Сонымен қатар кей аймақтарда қарыз бен несиені өтеуге кететін шығын жоғары, бұл үлес Ұлытау облысында 12%-дан астам, Қарағандыда шамамен 10%-ды құрайды. Бұл борыш жүктемесін ауырлатып, пайыздық мөлшерлемелер өскенде немесе табыс азайғанда кей отбасыларды тығырыққа тіркеп, кедейлендіре түседі.Мұның бәрі негізгі мәселені айқын көрсетеді: табыс өсіп жатқанымен, сатып алу қабілеті артпай отыр. Шынайы табыс (инфляцияны шегергенде) әлдеқайда баяу өсіп жатыр, кей өңірлерде мүлде тоқырап қалған. Демек, халық бұрынғыдай тауар мен қызметтің сол көлемін ғана тұтынады, тек қымбаттырақ бағамен", - дейді экономист.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар