Қазақстан экономикасы халық табысының өсіп жатқанын нақтылайды, алайда бұл өсім бүгіндері шынайы өмірден әлдеқайда жырақтап жатқанының куәсі болып отырмыз. 2025 жылдың II-тоқсанында жан басына шаққандағы ақшалай табыс 359 638 теңгеге жетіп, бір жылда 8,9%-ға артыпты. Қағазда бұл өсім позитивті қарқын ретінде көрсетіледі. Алайда қымбатшылық үдеп, тұтыну бағасы жоғары қарқынмен екпіндеп жатқан өмірде мұндай номиналды өсім халық жақсырақ өміре бастады дегенді әсте білдіре алмайды. Тек олардың шығыны қымбаттай түскені ғана айқын нәрсе. Бұл туралы экономист Руслан Сұлтанов айтады, деп жазады Dalanews.kz economyKZ.org-қа сілтеме жасап.
"Халықтың табысының бүтіндей көлемі күнделікті тұтынысқа кетеді: орта есеппен табыс көлемінің 98,7%-ы тауар сатып алу мен қызметерге жүгінуге жұмсалады, ал жинаққа немесе инвестицияға ештеңе қалмайды. 2025 жылы ІІ-тоқсанда бір адамға шаққанда орташа шығын көлемі 311 192 теңгеге, тұтынысқа кететін ақша 315 252 теңгеге жетті. Алматы, Маңғыстау және Шымкентте бұл көрсеткіш 100%-ға жетіп отыр, бұл өңірлерде халық толығымен ай сайынғы табысқа тәуелді және ақша жинауға жағдайлары жоқ", - дейді ол.
Табыс құрылымы да экономикалық өсім көрсеткіші халықтың әл-ауқатына емес, тек сандық өсімге сүйеніп отырғанын көрсетеді. Негізгі табыс көзі – еңбекақы, оның үлесі 75%, соның ішінде 66,8% – жалдамалы жұмыс, 8,2% – өзін-өзі жұмыспен қамтушылар. Бірақ бірқатар өңірлерде әлеуметтік төлемдерге тәуелділік жоғары: Түркістан, Жамбыл, Абай және Ұлытау облыстарында әлеуметтік трансферттердің үлесі 20%-дан асады. Бұл өңірлерде табыстың едәуір бөлігі еңбекақы емес, мемлекет тарапынан төленетін жәрдемақы мен әлеуметтік көмектер арқылы қалыптасып отыр. Мұндай модель тұрақсыз, өйткені трансферт қысқарса, табыс бірден құлдырайды.
Шығын құрылымы да өмір сапасының айтарлықтай өзгермегенін көрсетеді. Азық-түлікке орта есеппен барлық шығынның 52,5%-ы жұмсалады:
- ең көбісі – Түркістанда (62,7%) және Жамбылда (61,9%),
- ең азы – Алматыда (36,8%) және Астанада (38,5%).
Тауарларға кететін шығын көлемі - орта есеппен 20,3%,
- ең жоғарысы – Алматыда (29,4%) және Астанада (27,8%),
- ең төмені – Түркістанда (11,3%) және Жамбылда (12,1%).
Қызметтерге кететін шығын көлемі – орта есеппен 18,5%,
- ең жоғарысы – Алматыда (27,1%) және Астанада (25,3%),
- ең төмені – Түркістанда (7,8%) және Жамбылда (8,2%).
"Сонымен қатар кей аймақтарда қарыз бен несиені өтеуге кететін шығын жоғары, бұл үлес Ұлытау облысында 12%-дан астам, Қарағандыда шамамен 10%-ды құрайды. Бұл борыш жүктемесін ауырлатып, пайыздық мөлшерлемелер өскенде немесе табыс азайғанда кей отбасыларды тығырыққа тіркеп, кедейлендіре түседі.Мұның бәрі негізгі мәселені айқын көрсетеді: табыс өсіп жатқанымен, сатып алу қабілеті артпай отыр. Шынайы табыс (инфляцияны шегергенде) әлдеқайда баяу өсіп жатыр, кей өңірлерде мүлде тоқырап қалған. Демек, халық бұрынғыдай тауар мен қызметтің сол көлемін ғана тұтынады, тек қымбаттырақ бағамен", - дейді экономист.
Бұл жағдай сандық өсімнің шегіне жеткенін көрсетеді. Егер басты мақсат табыс пен шығын көлемін арттыру болса, ал олардың сапасы мен құрылымы өзгермесе ел инфляциялық иірімге түсіп қалады: сандар өсе береді, ал адамдар өзін бай сезінбейді.
Қазақстанға мұндайда жаңа көзқарас, жаңа амал қажет:
- инфляцияны ауыздықтау, сонда жалақы өсімі баға өсімімен жұтылмайды;
- халықтың өмір сапасын тікелей арттыратын білім, денсаулық сақтау және инфрақұрылым сапасын арттыру;
- қаржылық сауаттылықты дамыту, халықтың тек "айлықтан айлыққа" өмір сүрмей, ақша жинап үйренуіне мүмкіндік беру.
"Табыстың өскені жақсы, ол керек те, бірақ бұл мақсат емес. Нағыз мақсат – халықтың әл-ауқатын арттыру. Ол үшін баға тұрақты және төмен болуы тиіс. Әйтпесе табыстың кез келген өсімі тек статистикада ғана көрініп, адамдардың өмірін жақсартпайды", - дейді Руслан Сұлтанов.