Алматыда қаласындағы Перинатология және балалар кардиохирургиясы орталығының жанынан 3 айдан 3 жасқа дейінгі ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған жаңа медициналық оңалту мекемесі – «Қамқорлық» ерте араласу орталығы ашылды. Бұл бір мекеменің ашылуы емес, бұл – мыңдаған ата-ананың үміті мен жүздеген баланың ертеңгі күніне бағытталған нақты қадам. Елімізде ерекше күтімді қажет ететін балаларға деген көзқарастың өзгеріп, жүйелі тәсілге бет бұрғанының айғағы.
Орталықтың ашылуына ҚР Президенті жанындағы Халықтың әлеуметтік осал топтарының құқықтары жөніндегі уәкіл Кенжеғұл Сейтжан, Мәжіліс депутаттары, қалалық денсаулық сақтау басқармасының жетекшілері, «Самұрық-Қазына», «Қазақстан халқына» қорлары мен «Қамқорлық» корпоративтік қорының өкілдері қатысты. Мұның өзі бұл бастаманың тек әлеуметтік жоба емес, мемлекет пен қоғамның стратегиялық серіктестігіне айналғанын көрсетеді.
Жаңа орталықтың негізгі ерекшелігі – оның бір ғана медициналық бағытпен шектелмей, денсаулық сақтау, білім беру және әлеуметтік қорғау жүйелерінің әлеуетін біріктіруі. Бұл – тек емдеу ғана емес, баланың өмір сапасын тұтастай жақсартуға бағытталған платформа. Ерте араласу дегеніміз – баланың дамуындағы қиындықтарды мүмкіндігінше ерте анықтап, соған сәйкес оңалту шараларын бастау. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының сарапшылары 3-6 ай аралығындағы кезеңді “алтын уақыт” деп атайды. Себебі дәл осы кезеңде басталған оңалту жұмыстары мүгедектік тәуекелін едәуір азайтады.
Орталықта барлық жағдай жасалған: шунгитті және тұзды бөлмелер, сенсорлық орта, иммерсиялық ванна, яғни баланың сезімдік және моторика жүйесін дамытуға арналған жаңа буын технологиялары. Балалармен невропатолог, реабилитолог, логопед, психолог, дефектолог, әлеуметтік қызметкер және тағы басқа мамандардан құралған мультидисциплинарлық команда жұмыс істейді. Әр бала үшін жеке бағдарлама жасалады, ол оның қажеттіліктеріне нақты негізделеді. Ең бастысы – қызметтің бәрі де міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру аясында тегін көрсетіледі.
Статистикаға сүйенсек, бүгінде Алматыда 676 000-нан астам бала бар, олардың ішінде 7 460 балада мүгедектік тіркелген. Көп таралған патологиялар – ДЦП, сөйлеу және психомоторлық дамудың тежелуі, орталық жүйке жүйесінің зақымдануы, тірек-қимыл жүйесінің туа біткен кемістіктері. Жаңа орталық дәл осындай диагнозы бар бүлдіршіндер мен олардың ата-аналары үшін шынайы көмек алаңына айналмақ.
Орталық жылына 600 балаға дейін қабылдай алады. 21 күндік курс ішінде ата-аналар баланың дамуына қажетті кешенді емді тек бір жерден ала алады. Бұл – тек оңалту ғана емес, болашаққа бастар көпір. Айта кетерлігі, мұнда тек бүгінгі медициналық көмектермен шектелмейді. 2022 жылдан бері Перинатология орталығында ұрықты қорғау орталығы да жұмыс істейді. Ал 2024 жылдан бастап "Бір күндік клиника" жобасы арқылы 4 855 жүкті әйелге хромосомалық аномалияларға ерте скрининг жүргізілген.
Ал орталықтың хирургиялық әлеуеті де жоғары деңгейде: Қазақстанда алғаш рет ұрық хирургиясы – құрсақішілік операциялар жүргізілуде. Қазірге дейін 40-тан астам операция сәтті өтіп, 30-дан астам нәресте өмірге сау болып келген.
Қала әкімдігі мекеменің инфрақұрылымын жаңғыртуға да ерекше назар аударып отыр. 2024 жылдың соңына дейін емхананың күрделі жөндеуі аяқталады. Сонымен қатар 24 мың шаршы метрден астам ауданды қамтитын жаңа жобалар – ламинарлық ағынмен жабдықталған операциялық блок, ақылды операция бөлмелері, ангиоблокты қайта құру, госпитальдық фармация бөлімін ашу жоспарланған. Бұл өз кезегінде мекеменің өткізу қабілетін арттырып, инвазивті операциялар аясын кеңейтпек.
Болашақта босанғаннан кейінгі хирургиялық орталық құрылып, ТБА бар нәрестелердің диагностикасы, хирургиялық емі және оңалту шаралары бір жерде шоғырланбақ.
Осылайша, Алматыда басталған «Қамқорлық» орталығының тарихы тек бір мекеменің шеңберімен шектелмейді. Бұл – әлеуметтік саясаттың жаңа парадигмасына қарай жасалған сәтті қадам. Бұл – тек қазірге емес, болашақ ұрпақтың денсаулығы мен әлеуетіне салынған инвестиция. Ең бастысы – мұнда құр сөз емес, нақты іс бар.