Алматы облысында «AMANAT» партиясының «Ауыл аманаты» бағдарламасы ауыл кәсіпкерлеріне үлкен мүмкіндік беріп жатыр,– деп хабарлайды Dalanews.kz «AMANAT» партиясы Алматы облыстық филиалының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Соңғы екі жылда өңірде 1300-ден астам тұрғын жеңілдетілген несие алып, өз ісін жолға қойған. Солардың бірі – Еңбекшіқазақ ауданы, Балтабай ауылының тұрғыны Талғат Қанапияұлы. Ол киіз үй өндірісін табысты кәсіпке айналдырған.
Кәсіпкер бұл істі бес жыл бұрын бастағанымен, өндіріс ауқымын кеңейтуге қаржысы жеткіліксіз болған. Осы ретте ол «AMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалына барып, бағдарлама аясында кеңес алды. Партия өкілдері оған құжаттарды рәсімдеуге көмектесіп, несие алудың барлық тәртібін түсіндірді. Нәтижесінде кәсіпкер 3 млн теңге көлемінде жеңілдетілген несие алып, заманауи жабдықтар сатып алып, кәсібін кеңейтті.
«Бағдарлама туралы естіген сәтте бірден кәсіпті кеңейту жоспары пайда болды. Бүгінде өнімімізге сұраныс жоғары. Әсіресе фермерлер мен туристік нысандардан тапсырыс көп түседі. Бұл – отбасылық бизнесіміз, жақындарымның барлығы осы іске атсалысып отыр. Киіз үй – ұлттық құндылық. Оны заманауи үлгіде жасап, нарыққа бейімдеу – біздің басты міндетіміз. Бағдарлама арқылы несие алу өте тиімді, пайыздық мөлшерлемесі төмен. Сондықтан ауыл тұрғындары үшін кәсіп бастауға үлкен мүмкіндік береді», – дейді кәсіпкер.
Бүгінде Талғат Қанапияұлының шеберханасы жылына 300-ге жуық киіз үй өндіріп, сатады. Өнім сапасының жоғары болуы және ұлттық нақыштағы заманауи дизайн кәсіптің қарқынды дамуына ықпал етуде. Кәсіпкердің айтуынша, киіз үйлерге сұраныс негізінен фермерлер, малшылар және туристік кешендер тарапынан жоғары.
«Киіз үйді әртүрлі мақсатта пайдалануға болады. Жазда саяжайға қойса, қыста қосымша баспана ретінде қолдануға мүмкіндік бар. Соңғы жылдары экотуризмнің дамуымен қатар, демалыс орындарында киіз үйлерге сұраныс артты. Киіз үйдің ерекшелігі – жазда салқын, қыста жылы. Бұл – ата-бабамыздан қалған құнды мұра. Біздің ауылымызда да бұл кәсіппен айналысатын бірнеше кәсіпкер бар. Олардың басым бөлігі «Ауыл аманаты» бағдарламасының қолдауымен кәсібін кеңейтіп, өндіріс қуатын арттырды», – дейді кәсіпкер.
Киіз үй өндірісінде ұлттық нақыш пен заманауи технологиялар үйлестірілген. Отандық нарықтан бөлек, шеберхана өнімдеріне шетелдік туристік базалар тарапынан да сұраныс бар.
Айта кету керек, биыл Алматы облысында «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 1,7 млрд теңгеге 186 жоба қаржыландырылды. Бағдарлама арқылы тек киіз үй өндірісі ғана емес, азық-түлік өңдеу, жылыжай шаруашылығы, мал шаруашылығы және қызмет көрсету салалары бойынша да жаңа жобалар іске асырылып жатыр.