Абай облысында су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды

Ақтоты Жапатова 19 ақп. 2025 13:09 577

Абай облысы Үржар ауданы бойынша көктемгі су тасқынына қарсы шаралар қолға алынды, - деп хабарлайды Dalanews.kz.

Күні бүгінге дейін елді-мекендерден 5424 мың текше метр қар шығарылды. Жұмыс әлі де жалғасып жатыр. Су соруға арналған жиыны 20 дана мотопомпа дайын.

Бензин қоры 5,6 тонна, дизельдік отын қоры 3,6 тонна. Су тасқынына қарсы іс-шаралар жоспарына байланысты қосымша 14 тонна дизельдік отын сатып алу жұмыстары жүргізіліп жатыр.


Абай облысы әкімдігінің баспасөз қызметі

«Ауданда төтенше жағдай орын алған жағдайда 205 адам, әртүрлі 80 техника жұмылдырылады. Мекемелер, жеке кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарымен азық-түлік, тамақтандыру, жатын орындар, көлікпен тасымалдау қызметі және жанар-жағар маймен қамтамасыз етуге қатысты 23 келісім-ниет шарт және 43 меморандум жасалған. Ауылдық округтерге су тасқыны қаупі төнген жағдайда уақытша бөгеттер жасау мақсатында қаптар таратылып берілді. Сондай-ақ, 270 тонна инерттік материал алуға аудан әкімі аппаратымен «КазспецМонолитСтрой» ЖШС арасында өзара ынтымақтастық келісім меморандумы жасалды», - дейді аудан әкімінің орынбасары Серік Тілемісов.

Егінсу су қоймасына 2016 жылы күрделі жұмыстар жасалып, пайдалануға берілген. Су қоймасының қазіргі жағдайы қанағаттанарлық. Қарақол су қоймасында су транзиттік режимде ағады. Судың көлемін үнемі бақылау үшін қоймаларда кезекшілік қойылды.

Аудан бойынша 15 көпір, 159 су өткізгіш құбырлар бар. Күз айларында олар қоқыс пен шөптерден 100 пайыз тазартылды. 2025 жылғы көктемгі тасқын суды қалыпты жағдайда өткізу мақсатында былтыр 5 ауылда су тасқына қарсы іс-шаралар жүргізілді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар