Атырауда «Салтанат сарайы» маңына армян, грузин және ресейлік нөмір таққан 200-ден астам көлік жиналды. Бұған қалаға Қазақстанның өзге өңірлерінен күшейтілген патрульдік полиция экипаждарының келуі себеп болған, деп хабарлайды dalanews.kz "Ақ жайыққа" сілтеме жасап.
Көлік иелері рейдтер мен тексерістерге байланысты шұғыл түрде бас қосып, жағдайды талқылаған. Жиналғандардың айтуынша, оларды ең алдымен сақтандыру полисі мен көліктің заңды тіркелуі мәселесі алаңдатады.
Кездесуге қатысушылардың сөзінше, полиция рейдтері кезінде шетелдік нөмірлі көліктер жаппай тексеріліп, сақтандыру құжаты мен тіркеу заңдылығы сұралуы мүмкін. Грузин нөмірлі Toyota Camry 50 көлігінің иесі Әділбек Табылдыев автокөлікті шамамен 5 миллион теңгеге сатып алғанын айтты.
Біз бұл көліктермен жылдар бойы еш қиындықсыз жүрдік. Қазір шұғыл сақтандыру жасаңдар дейді. Бірақ оның өзі де көмектеспейді деген әңгіме шығып жатыр, – дейді ол.
Кейбір жүргізушілер Атырау үшін мұндай ауқымды рейдтердің қажеті жоқ деп есептейді.
Атырау аса үлкен қала емес. Бізде агрессивті құқық бұзушылардың көп легі жоқ. Онда не үшін мұндай күшейту керек? Әлде жергілікті полиция өзі жеткізе алмай отыр ма? – дейді жүргізушілердің бірі.
Бейресми мәлімет бойынша, Атырауда шетелдік нөмірмен жүрген 5 мыңнан астам көлік бар. Олардың басым бөлігі Грузия мен Арменияда тіркелген. Жиналғандардың айтуынша, оқиға орнына полиция, әкімдік, прокуратура және ҰҚК қызметкерлері де келген. Алайда қатысушылар нақты түсіндіру жұмыстары жүргізілмегенін айтады.
Жүргізушілердің бірі журналистерге грузин нөмірлі көлік иелерінің чатын да көрсеткен. Ол чатта мыңнан астам адам тіркелген. Қатысушылар онда ықтимал рейдтер мен тексерістерді талқылап, алдағы әрекеттерін пысықтап жатыр.
Әзірге ресми органдар бұл жағдайға қатысты пікір білдірген жоқ. Ал шетелдік нөмірлі көлік иелері қазіргі рейдтер бір реттік шара ма, әлде Атырауда ұзақ жылдар бойы «сұр аймақта» жүрген көліктерге қарсы нақты бақылау басталды ма деген сұраққа жауап іздеп отыр.