Метрода соңғы екі-үш жыл бойы тыныштық жоқ. Басшылық мен жұмысшылар мекемені бертінге дейін басқарған Мұрат Өкшебаев жемқорлықпен ұсталып, қызметінен кеткелі сыйыспай-ақ қойды.
Мысалы, осыдан екі жыл бұрын Метрополитеннің 200 қызметкері өздерінің айтуларынша «әкімшілік тағайындаған» Қыдырал Бекасылов айлықты 25 пайызға қысқартқанын және оператор мен кассирлері шетінен жұмыстан шығарып жатқанын айтқан.
Арызға қарағанда, Метрополитен басшысының орынтағына жайғаса сала, Қыдырал Бекасылов кіріске, нақтырақ айтсақ, жетонға жауапты бөлімді қудалай бастаған. Жаңа басшы келе сала жетонға жауапты бөлімті «сендер жетонды сатасыңдар, соның ақшасын өзара бөлісесіңдер!» деп айыптапты.
Алайда артынша бұған қатысты пікір білдірген Бекасылов өзінің бұлай бекер етпегенін, бұдан бұрын жетон бөлімінің былықтары әшкере болғанын айтқан еді...
Арызданған метро қызметкерлерінің айтуынша Қыдырал Бекасылов метрополитеннің бас инженері Айдын Оразхановпен бірге ұжымның ішінде «террор» ұйымдастырған. «Айдын Оразханов бұл жағынан тіпті басшысынан да асып түсті» деген еді жұмысшылар. Бас инженер болғанына басы айналған Оразханов жұмысшыларды түтіп жеген екен.
Бір қызығы, бұдан кейін оның орнына келген Қауыт Мұсабековте өз орнында ұзақ аялдаған жоқ. Метро қызметкерлерінің шағымынан кейін өз еркімен жұмыстан кетті. Мұнда да арыз жазылған. «Мұсабеков метроға өзінің туған-туысқандарын тықпалады» деген еді мекеме жұмысшылары.
Мұсабековтың кейін оның орнына бір кездері Бекасыловтың оң қолы болған Айдын Оразханов тағайындалады (2014 жылы). Бірақ, байқауымызша, оған да тықыр таяп қалған сияқты.
Таяуда Метрополитеннің бірқатар қызметкерлері Алматы әкімі Бауыржан Байбектің атына арыз жазды. Арызда «бізді жаппай жұмыстан шығаруда, оның үстіне коллективтегі ахуал да ауырлап барады» делінген. Әзір аталған арызға байланысты метрода тексеру жүріп жатыр.
Жұмысшылардың айтуынша, бұл жолы бас инженерліктен Метрополитен қызметінің басшысы қызметіне көтерілген Оразханов келе сала жаппай жұмыстан шығару науқанын бастап кетіпті.
Бір ғана 2015 жылы 213 адам жұмыстан шығарылған. Биылғы жылдың наурызына дейінгі үш айдың ішінде тағы 40 адам қызметінен кеткен... Метрополитен қызметкерлері болса «бұл қудалаудың басы ғана» дейді.
Басшының өзі бәрін жоққа шығарып отыр. Оразхановтың айтуына қарағанда, мұның бәрі жала. Былтырғы жылы өз еркімен тек 5 адам ғана жұмыстан кеткен.
Аталған істі назарға алған Алматы қалалық әкімшілігі мен басқа да құзырлы органдардан әзір жауап жоқ. Білсек, тексеру жұмыстары әлі жүріп жатыр.
Айдын Оразхановтың 200-ден аса адамды заңсыз жұмыстан шығарғаны дәлелденсе, ендеше метро басшысы «дағдарыс тұсында кәсіпорындардан жұмысшылардың орнын сақтап қалуды» сұраған Президенттің сөзіне қайшы келіп отырғаны анық...