Алматыда Алашорда тарихына негізделген "Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар" атты 12 томдық архив құжаттары жинағының таныстырылымы өтті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Іс-шараға аталған еңбектің ғылыми жетекшісі, ҚР Ғылым академиясының академигі Мәмбет Құлжабайұлы Қойгелдиев пен ХХ ғ. саяси қуғын-сүргін материалдарын зерделеу орталығының басшысы Гүлшат Рамазанқызы Нұрымбетова қатысып, кітап туралы сөз қозғады.
"Міне, бүгін "Алашорда ісі. 1920-1940 жылдар. Құжаттар мен материалдар" атты көптомдықты таныстырудың сәті түсті. Өздеріңізге мәлім, бір жыл бұрын 12 томдық дайындалып жатыр деген ақпарат тарады. Президент архивінің өкілі ретінде кітапқа байланысты жалпы мәлімет беріп өтейін. Бұл — өте ауқымды жұмыстардың бірі болды. Бастапқыда 10 том болады деп жоспарланған еді. Алайда жұмыс істей келе көлемі 12 томға дейін ұлғайды. Бұл осы санмен шектеледі деген сөз емес. Жұмыс алдағы уақытта жалғасын табады деп үміттенеміз. Себебі бізде құжаттар мен материалдар өте көп. 2022 жылдан бастап үш мекемеде ІІМ, Ұлттық қауіпсіздік комитеті және Бас прокуратурадағы арнаулы мемлекеттік архивтерден осы саяси қуғын-сүргінге қатысты материалдардың барлығы Президент архивінде жинақталды. Соларды жүйелеудің алғашқы нәтижелерінің бірі осы көптомдық деп айтуымызға болады. Еңбектің ғылыми жетекшісі - Мәмбет Қойгелді", — деді Гүлшат Рамазанқызы.
Оның сөзінше, жинақты дайындауға көптеген ғалым атсалысқан.
"Ауқымды еңбекті жазып шығуға Президент архивінің және Шоқан Уәлиханов атындағы тарих және этнология институтының, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми қызметкерлері үлес қосты. Бұл құжаттар жиынтығының әрқайсысы 500-600 беттен тұрады. Мұнда бұған дейін жарияланбаған, бір ғасырға жуық құпия болып келген құжаттар енгізілді. Айта кететін тағы бір мәселе, бұл – жинаққа кірген құжаттардың негізгі Ішкі істер министрлігінен қабылданған қылмыстық архивтік істер. Сонымен қатар Ұлттық қауіпсіздік комитетінен қабылданған құжаттар да бар", — деп қосты ол.
Ал жинақтың ғылыми жетекшісі Мәмбет Қойгелді еңбектің мазмұнына тоқталды.
"Бүгінгі күннің тарихи маңызы үлкен.Себебі халық бір ғасыр күткен тарихи шындық жарыққа шықты. Бұл — бір ғасырға жуық құпия қорларда сақталып келген материалдар. Осы 12 томдық туындыда "Қандай мақсат көзделді? Қандай идея негізге алынды?" деген сұрақ туады. Иә, Алаш қозғалысы осы уақытқа дейін тек ұлттық зиялылар қозғалысы ретінде айтылып келді. Бұл — шындықты бұрмалау. Әр шындық өз орнымен, өз дәрежесінде айтылуы керек. Сонда ғана ол қоғамдық ойға жұмыс істейді. Шын мәнінде, Алаш қозғалысы бұл — ХХ ғасырдың басындағы қазақ ұлт-азаттық қозғалысы. Бұл дегеніміз қозғалыс тек зиялы қауым өкілдерінен ғана тұрмағанын меңзейді. Яғни, оған қоғамның барлық әлеуметтік тобы атсалысты. Олардың ортақ мақсаты болды. Бұл — мемлекеттік тәуелсіздікті алу және келер ұрпаққа жерімізді сақтап қалу еді. Міне, біз осы ұстанымды дәлелдеу үшін жинақты даярладық. 12 томдық жинақтың ішкі құрылымында осы идеяны негізге алдық", — деді академик.
М.Қойгелдінің айтуынша, Алаш тақырыбы елімізде бірнеше рет көтерілген. Ал бүгінгі жарыққа шыққан жинақ жіті жұмыстың, нақты зерттеудің, жабық қорлардағы құжаттарды пайдаланудың арқасында ең сүбелі еңбек болып отыр.