Владимир Чепель қазіргі таңда Алматы облысы Қапал ауылы әкімдігінің бас маманы қызметінде. Ол көзін ашқалы ауылдағы қазақ балаларымен бірге ойнап өскендіктен қазақ тілін жетік меңгерген.
Әкімдік қызметкері өзіне келген ауыл ақсақалдарының мәселесін еш қиындықсыз түсініп, бірден көмектесетінін айтады.
– Ауылдық аймақтарда қазақ тілін бәрі біледі және тіл деңгейіне байланысты ешқандай мәселе жоқ. Ал қалаға келсең, мұнда мәселе бар екенін көресің. Қалада жастар қазақша сөйлемейді. Бірде жұмыс барысында маған екі ақсақал келді. Олар менің түріме қарап, сөздерін орысша бастады. Мемлекеттік қызметте қай тілде сұраса, сол тілде жауап беруің керек. Сондықтан орыс тілінде жауап бердім де, «құрметті ақсақалдар, қазақ тілінде сөйлессек қалай болады» деп сұрадым. Олар қуанып кетті. «Балам қазақ екен ғой» деп жатыр. Мұндай мақтанға масайрап, тіпті жүрегің жылып, біразға дейін мәз боласың. Сондықтан қазіргі жастарды екі-үш айға ауылға жіберсе, ауылда тілдің, діннің сақтаушылары болып отырған ақсақалдардың оларға үйретері көп болар еді, – дейді Владимир Чепель.
Әкімдік қызметкерінде қазақ тілін ауылда үйрену туралы ой Нұр-Сұлтан қаласында жиналыста әріптестерінің өзара орысша тілдесуінен кейін туындаған.
– Біздің әралуандығымыз басымдығымыз, ал күшіміз бірлікте екенін Елбасы әу баста айтқан болатын. Қазіргі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы қоғамдық келісімді сақтап, татулығымызды арттыруда мемлекеттік тілдің рөліне айрықша мән беру қажеттігін айтты. Біз ең алдымен туған елдің мемлекеттік тілін білуге міндеттіміз. Мемлекеттік тілді білмейтін мемлекеттік қызметкерлерді ауылға жіберу керек. Әрі тәжірибе алмасып, әрі сондағы ата-апаларымыздан қазақша сөйлеуді үйреніп қайтар еді. Түбі қазақ тілі – ұлы даланың ұлтаралық тілі болатынына сенімдімін! – дейді Владимир Чепель.