Алғашқы үшеуін үйлеріне жақындатып тастадым. Әңгімелеріне қарағанда шаршағанды басу үшін дүкеннен екі шөлмек алып, біреуінің үйіне барып ішпекші. Айтқан жеріне тоқтадым. Қоштастық. Орда бұзар жігіттер дүкенге кіріп кетті. Шөлмектен басқа үйлеріне азық алар ма екен деген оймен көлігімді шұқылап, сәл кідірдім. Дүкеннен екі жарты мен "кола" сусынын көтеріп шықты. Азық, не балаларға тәтті алғанын көрмедім.
Енді осылардың үлкендерін үйлеріне апару үшін ағамның үйіне қайта келдім. Бұлардан бөлек кенттің осы жағында тұратын тағы екі ағайын мінді көлікке. Елеу бес жастағы шеберлердің бригадирі жеңгеммізбен рулас екен. Екіншісі қырық бестегі жігіт ағасы. Машинада келеміз. Құда бір дүкенге тоқтауымды өтінді. Тоқтадым. Бір жарты мен тістемегін алып көлікке қайта мінді. Шеберлерге рахметін айтып, үйіне апарып аулада төртеуі ішті. Менің он минут күте тұруымды сұрады. Құданың сөзін жерге тастай алмайсың. Күттім. Шебердің жасы кішісі арақты қойғандықтан ішуден бас тартты. Үшеуі он минутта тауысты. Үлкені алпыс төртте. Ағамның бөлесі алпыста.
Ішіліп болған соң машинаға қайта отырды. Екінші шеберді үйіне апарып тастадық. Көлікте қалғаны екеуі ғана. Бір кезде қызып қалған шебер, «Менің ағам болады екенсіз. Мен сіздің арағыңызды іштім, рахмет, сыйладыңыздар! Енді сізге алып беруім керек» деп ағасының қарсылығына қарамастан бір шөлмек алды дүкеннен. Екеуі бұны көпсініп, ағам бөлесіне қайта келді де үшеулеп тауысты.
Сонда деймін, бес жігіт бір күнде әрқайсысы бес мың теңгеден тапты. Солардың тек біреуі ғана ақшасын үйіне түгел алып барды. Жас үш жігіт әрі қарай жалғастырып кетпесе (негізінен бір жартының арты жалғаса беретіні сөзсіз) кем дегенде жартысын апарар үйлеріне. Ең үлкені үйіне тең жартысын апарғаны анық. Қазіргі қазақтың қолынан іс келеді-ау деген шебер жігіттерінің күнделікті тірліктері осы.
Әрине, әркім өз маңдай терімен тапқан ақшасын қалай, не үшін, не мақсатта жұмсаса өз еркіндегі дүние ғой. Бірақ осы кісілердің барлығын танимын. Барлығында да отбасы бар. Әйел-бала-шағасы, ата-анасы үйге табыс алып келеді деп күтіп отыр. Сол екі мың теңгеге арақ алғанша, азық-түлік, балаларға тәтті алса болады ғой.
Жігіттер! Арақ қазаққа сор болмаса, ешқашан бақ әпермейді. Үйдің, отбасының құт-берекетін қашырады. Ішпей-ақ қой сол бәлені...
Марат Шөмекей
(автордың жазбасы "Атамның басы-ай" тобына жарияланған)