2030 жылды басқа Президентпен қарсы аламыз - саясаттанушы

Жарбол Кентұлы 28 мау. 2024 16:14 8322

Саясаттанушы Асхат Қасенғали Қазақстан мен Орталық Азиядағы билік ауысуына қатысты өз жорамалын жария етті. Оның ойынша, Қазақстанда билікті тұрақты түрде ауысуы үлкен маңызға ие.

Орталық Азияда президенттер жиі ауыса бермейді ғой. Түркіменстанда билікті Сердар алды. Ол жас, 40-тан енді асты, әлі біраз жыл отырады деуге негіз бар. Тәжікстан басшысы әлі отыр, бірақ тақты ұлы, Душанбе мэрі Рустам Эмомалиге беретін сыңайлы. Өзбекстанда Мирзиеев Конституциялық референдум жасап, өзінің мерзімін «обнуление» жасады. Енді ол 2040 жылға дейін отыра алады. 2040 болмаса да, шамамен 2035-ке дейін отыруы мүмкін деген болжам бар.

Қазақстан да конституцияға президенттік мерзім жайлы өзгеріс енгізді. Онда президент 7 жыл, бір мерзім ғана отыратыны айтылған. Қысқасы 2030 жылды біз басқа президентпен қарсы аламыз деп ойлаймын. Президенттік мерзім жайлы президент кеше БАҚ өкілдерімен кездескенде тағы айтты.

Сол себепті Орталық Азияда 2030 жылы Қазақстан мен Қырғызстанда басшы ауысады деуге негіз бар.

«Кім болады» дегенге ешкім жауап бере алмайтын шығар, бірақ кім болса да көпвекторлық саясатты ұстап қалатын адам болуы керек деп санаймын. Конституциядағы «7 жылдық мерзім» дегенмен алып қарасақ, онда 2036-да бізде төртінші, 2043-те бесінші президент болады деген сөз. Аман болсақ, көре жатармыз.

Биліктің тұрақты ауысуы (сменяемость власти) деген маңызды. Бұл жердегі негізгі акцент «тұрақты ауысуы» дегенге келіп тіреледі. Тұрақты ауысу – мемлекеттік динамиканы қалпына келтіреді. Саяси партиялардың кандидат шығаруы, келесі науқанға дайындалуы дегенге әсер етеді. Қоғам да саяси науқанның қашан болатынын біліп отырады.

Саяси партиялар саяси науқанды қыздыру үшін олардың саны көп болу керек. Соңғы жылдары партия тіркеу үшін бірқатар жеңілдіктер енгізілді. Адам саны қысқарды, мәжіліске өту пайызы төмендетілді дегендей. Бұл жақсы өзгеріс. Алайда тағы да жеңілдік жасауға болады деп ойлаймын. Партия құрудың көкесі осы екен деп, топырлату да дұрыс емес әрине. Тұрақты 10-12 партия болса жеткілікті сияқты. Қазір Парламентте 6 партия отыр, бұл осыған дейінгі парламенттен әлдеқайда жақсы. Ал келесі парламентте бұдан да көп партия отырса, ол тіпті жақсы деп ойлаймын. Талқы артады.

Саяси науқан демекші, қазір ауыл-ауданда да сайлаулар өтіп жүр. Ауыл әкімін сайлау, аудан әкімін сайлау дегендей. Дұрыс әрине, Еуропаның біраз елінде баяғыдан солай ғой. Кей жерде әділетті болып жатыр, кей жерде әділетсіз өтуде. Кей жерде «рулық көзқараспен дауыс беріпті» дегенді де естіп қаламын (бұл жайында бір жазба жазам)). Бастапқыда түрлі олқылықтар болатыны анық. Дегенмен ақырындап басталды, кем-кетігі жүре түзеледі. Бәрібір өтетін жол ғой. Ендеше қазір бастап кеткен дұрыс болды.

Президенттік мерзімге қатысты сайттар жазып жатыр. Соны көріп, туындаған ойлар ғой.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар