2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстанда ел азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы заң қолданысқа енгізілген. Сол кезден бастап елімізде мемлекеттік кірістер органдары арқылы 28,4 мың азамат, сот шешімі бойынша 196 азамат банкрот деп танылды. Міндеттемелердің жалпы сомасы – 147,1 млрд теңге, деп хабарлайды Dalanews.kz Мемлекеттік кірістер комитетіне сілтеме жасап.
Құзырлы ведомвто мәліметінше, төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімін 9,5 млрд теңге сомасына 103 азамат қолданды, оның 8-і бойынша қалпына келтіру жоспарлары бекітілді.
"Заң енгізілген сәттен бастап халықтың одан хабардар екені байқалды: 2024 жылы 83 057 өтініш, 2025 жылдың 5 айында 77 106 өтініш берілді", делінген МКК хабарламасында.
Айта кетсек, 2024 жылдың 20 тамызынан бастап рәсімдерді жеңілдетуге бағытталған түзетулер күшіне енді:
- төлем қабілеттілігін қалпына келтіру рәсімі мерзімі өткен және мүлік болмаған кезде, бірақ тұрақты табыс болған кезде қол жетімді болды.
- соттан тыс банкроттық енді микроқаржы және коллекторлық ұйымдарды қоса алғанда, қарыз шарттары бойынша талап ету құқығы бар барлық ұйымдар алдындағы міндеттемелер бойынша қолданылады.
- өтініш беру тәртібі жеңілдетілді: кредитор мен қарыз сомасы туралы мәліметтерді көрсету, сондай-ақ құжаттарды қоса беру қажеттілігі алынып тасталды.
- өтеудің болмау мерзімін есептеу тәртібі нақтыланды: 1 АЕК-тен кем төлемдер өтеу болып есептелмейді, мерзім соңғы төлем күнінен бастап есептеледі.
Енді, 2025 жылғы 1 қаңтарға дейін жасалған қарыз шарттары бойынша борышты реттеуді жүргізу туралы талапты алып тасталмақ. Сондай-ақ:
- борышкердің себебін көрсетпей соттан тыс банкроттық рәсімін тоқтату құқығын;
- соттан тыс банкроттық рәсімі аяқталғаннан кейін кредиттік бюролар базасында көрсетілмегендерді қоса алғанда, банкроттың қаржы ұйымдары алдындағы барлық міндеттемелерін тоқтатуын көздейтін түзетулер қаралады.
Аталған түзетулер ағымдағы жылдың соңына дейін іске асырылады деп күтілуде.
Бұған дейін өзін банкрот деп тануды сұраған 124 мың адамның 75 пайызының өтініші қанағаттандырылмағанын жазғанбыз.