Өзін банкрот деп тануды сұраған 124 мың адамның 75 пайызының өтініші қанағаттандырылмады

Кәмшат Тілеухан 28 қаз. 2024 18:08 1624

2023 жылғы 3 наурыздан бастап Қазақстан азаматы өзін банкрот деп танитын құқығын қолдана бастады. Содан бері қанша азамат бұл құқығын тиімді пайдалана алды? Ал банкроттық жариялауға рұқсат етілмеген жағдайларға не түрткі? Бұл сауалдар жауабын Dalanews.kz сайтынан оқып-біле аласыздар.

Бұл ретте үш процедура ұсынылады: соттан тыс банкроттық, банкроттықтың сотпен танылуы және төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, деп жазады ranking.kz.

Бір жылдан кейін, 2024 жылдың 19 маусымында заңға қосымша түзетулер енгізілді. Осылайша  Қазақстан халқына банкроттық рәсімі қолжетімді бола түсті. Түзетулер енгізілген заң 2024 жылдың 25 тамызынан бастап күшіне енді.

Бұл рәсімдерді тек қарыз алушының өзі ғана өтініш бере алады, яғни несие берушінің борышкерге қатысты осы рәсімдерді қолдануға құқығы жоқ.

Соттан тыс банкроттық, бұл рәсімді азаматтар тек банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлық агенттіктер алдындағы борыштар бойынша келесі шарттарға сәйкес қолдана алады:

  • банктер, микроқаржы ұйымдары және коллекторлар алдындағы борыш 1 600 айлық есептік көрсеткіштен аспайды (ол дегеніміз 2024 жылы 5 млн 907 мың теңге құрайды);
  • қарыз 12 ай ішінде өтелмеген;
  • мүлік жоқ, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлік жоқ;
  • қарыздар бойынша банкпен реттеу рәсімі жүргізілген;
  • банкроттық 7 жыл бойы қолданылмайды.

Сот банкроттығы, азаматтар қарызы 1 600 айлық есептік көрсеткіштен астам (жоғарыда айтылған бойынша 2024 жылы - 5 млн 907 мың теңге құрайды) және кредиторлар алдындағы борыштардың барлық түрлері бойынша қолдана алады.

Сот банкроттығы рәсімінің мақсаты – банкроттың мүліктік массасы есебінен кредиторлардың талаптарын барынша қанағаттандыру.

Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру, яғни тұрақты табыс болған жағдайда сотта қарыздарды бөліп-бөліп төлеу мүмкіндігін (5 жылға дейін) көздейтін рәсім.

Қалпына келтіру жоспары қаржы басқарушысымен бірлесіп әзірленеді және сотта бекітіледі.

2024 жылғы 19 қазандағы жағдай бойынша, елімізде барлығы 266 млрд теңге сомаға банкрот деп тану туралы 124,5 мың өтініш қабылданды, бұл ретте оның 75%-ына банкроттық рәсімін тіркеуден бас тартылды (200,6 млрд теңгеге). Банкроттықтан бас тартудың негізгі себептері - өтініш берушінің анықталған мүлкі, сондай-ақ төлемнің мерзім мен сомасына сәйкес келмеуі.

Банкроттықты тану 42,1 млрд теңге сомасына өтініш білдірген 17,5 мың адамға мақұлданды. 4,8 млрд теңге сомасына тағы 3,7 мың өтініш әлі де қарастырылу барысында. Банкрот деп тану туралы өтініштердің жартысынан көбін 18-41 жас аралығындағы 73,5 мың азамат қамтыды. 42-65 жас аралығындағылар - 48,6 мың және 66-88 жас аралығындағы - 2,5 мың адам.

Сондай-ақ банкрот деп тану туралы 64,2 мың өтініштің иесі - ер адамдар, ал 60,3 мың өтініш әйелдерге тиесілі.

Банкрот деп тану туралы барлық өтініштердің үштен бір бөлігі оңтүстік өңірлерден, атап айтқанда Түркістан (15,2 мың), Жамбыл (9,8 мың) және Қызылорда (9,1 мың) облыстарынан, сондай-ақ Шымкенттен (6,4 мың) келіп түскен. Өтініштердің едәуір бөлігі Алматы облысына (14,8 мың), сондай-ақ Алматы (10,5 мың) мен Астанаға (8,6 мың) тиесілі.

Жалпы, ел бойынша өтініш бергендердің тек 14%-ы ғана банкрот деп танылды, ал өңірлік бөліністе мақұлданған өтініштердің ең көп үлесі Абай облысына сай келеді: 20,6%. Одан кейін Астана мен Қостанай облысы: әр өңір 17,8%-дан. Оң шешім ең аз шығарылған өңірлерге Ұлытау (6,7%), Түркістан (8,3%) және Батыс Қазақстан (9,6%) облыстары жатады.

 

Азаматтарды асыра несиелендіру мәселесі Қазақстан үкіметін қатты алаңдатады. Әсіресе, "жалақыға дейінгі займдардың" өте жоғары сыйақы мөлшерлемесі көзге ерекше түсуде. Мұндай несиені ұсынатын микро қаржылық ұйымдарға шектеулер енгізіліп те үлгерді. Атап айтқанда, сыйақы мөлшерлемесі мен берілетін несие сомасына қатысты.

Жыл басынан бері еліміздегі микро қаржылық ұйымдар алдындағы төлемі 90 күннен астам мерзімге кешіктірілген жеке тұлғалардың (ЖК қоспағанда) берешегінің көлемі 1,5 еседен асаға өсіп, 2024 жылдың тамыз айының соңында 111,7 млрд теңгеге жетті. Төлемі 90 күннен аса мерзімге кешіктірілген шағын несиелердің үлесі жыл басынан бері 6,6%-дан 9,5%-ға дейін өскен.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар