Қыздар ұлттық педагогикалық университеті жаңа оқу жылына дайын

Dalanews 31 там. 2021 16:28 242

«Еліміздегі ең іргелі жоғары оқу орындарының бірі – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2021-2022 оқу жылы қалай ұйымдастырылады?», «Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер болмақ?», «Онлайн және дәстүрлі форматтарда кімдер оқиды?» деген сауалдарға жауап табу мақсатында аталған оқу орнының Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімінің басшысы Жандар Асанмен сұхбаттасқан едік.

 

– Жандар Тұрарұлы, Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде 2021-2022 оқу жылы қалай ұйымдастырылады?

– Қыздар университетінде жаңа оқу жылында дәрістер мен үлкен ағымдағы сабақтар Microsoft Teams платформасы арқылы онлайн режімде жүргізіледі. Лекция кезінде топтың 50% онлайн режімде, 50% офлайн режімде білім алады. «Дене шынықтыру» пәні сабақтан тыс уақытта өткізіледі. Ескеретін жайт, топта 1 студент ауырған жағдайда топқа карантин жарияланады және бүкіл топ онлайн режімге ауысады. Оқу форматына қарамастан студенттер жеке кабинетте орналастырылған пәннің барлық тапсырмаларын орындаулары қажет.

– Сіздердің университеттеріңізде биыл офлайн форматта кімдер білім алады?

– 2021-2022 оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінде оқу үдерісі офлайн және онлайн форматта жүзеге асырылады. Ал офлайн оқытуға екпенің екі дозасын алған 1 курс студенттері (18 және одан жоғары жастағылар), екпенің екі дозасын алған 2,3,4 курс студенттері, «көк» немесе «жасыл» түсті мәртебесі бар білім алушылар. Осы ретте айта кетейін, Қыздар университеті еліміздегі жоғары оқу орындарының арасында алғашқылардың бірі болып «Ashyq» қосымшасын іске қосты. Басты мақсат – оқу орны аумағында коронавирус індетін таратпауға кепілдік беру үшін және қауіпсіздікті арттыру. Оқу орнына тиесілі ғимараттарға кіру үшін арнайы QR-кодты сканерлеп, оны кіреберісте көрсету керек. Қосымша өз кезегінде қызыл, сары, көк және жасыл статустарға бөлінетін қатер рейтингін көрсетеді. Бұл пилоттық жобаны университетке енгізуіміздің өзіндік себептері бар. Ең негізгісі – оқу орны қызметкерлері арасында вирустың таралуына тосқауыл қою. Қыздар университеті білім алушылардың және оқу орны қызметкерлерінің денсаулығының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге тырысады.

– Дұрыс екен. Ал онлайн форматтағы оқуды кімдер жалғастырады?

– Жаңа оқу жылында риск тобындағы білім алушылар оқуды онлайн форматта жалғастырады.  Риск тобына кімдер кіреді? Ең біріншіден, вакцина алуға жіберілмеген 17 жасқа толмаған студенттер, екіншіден, аяғы ауыр студенттер. Бұл санаттағы білім алушылар жүктіліктің үлкен мерзімі болған жағдайда академиялық демалысқа шығарылады. Үшіншіден, 1 жасқа дейін балалары бар студенттер. Бұлар да арнайы шешім бойынша академиялық демалысқа шығарылады. Төртіншіден, вакцина алуға рұқсат берілмеген медициналық босатуы бар студенттер. Бесіншіден, өзі немесе жанұясы карантиндегі студенттер.

– Жандар Тұрарұлы, соңғы сұрақ. Жаңа оқу жылында жатақханада кімдер тұра алады?

– Өміріңіздің ең әсерлі шағы – студенттік кезең болса, студенттік өмірдің қызығы – жатақхана екендігі белгілі. Естен кетпес хикаялар мен қайталанбас оқиғалар студенттің екінші үйіндей болып кеткен жатақхана қабырғасында өтетіні белгілі. Арулар ордасы – Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетіне тиесілі 7 студент үйі бар.  2021-2022 оқу жылында Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің жатақханаларында екпенің екі компонентін алған студенттер, жетім, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар, көп балалы және аз қамтылған отбасылардың балалары, мүгедектігі бар балалар және жоғарыда атап өткен риск тобына кірмейтін студенттер тұра алады.

– Жаңа оқу жылындағы Сіз атап өткен жаңашылдықтар білім алушыларға жан-жақты түсіндіріліп жатқан болар...

– Әрине. Біз білім алушыларды сауатты әрі нақты ақпаратқа ғана сенуге шақырып жатырмыз. Осы ретте Университеттің Басқарма төрағасы – Ректор Гүлмира Әмірханқызы, Академиялық қызмет жөніндегі проректор Еркін Жұманқұлова барлық институттың студенттерімен, олардың ата-аналарымен, магистрант және докторанттармен онлайн форматта кездесулер өткізуде. Microsoft Teams желісінде ұйымдастырылған онлайн жиындарда «Жаңа оқу жылы қандай форматта ұйымдастырылады?» «2021-2022 оқу жылында қандай өзгерістер болмақ?», «Жаңа оқу жылында жатақханада кімдер тұра алады?», «Білім алушылар үшін вакцинация міндетті ме?», «Офлайн оқытуға кімдер жіберіледі?» сынды сауалдарға жан-жақты жауап берілді. Сонымен қатар кездесу барысында студенттер мен олардың ата-аналарына университет басшылығына мазалап жүрген сұрақтарын қойып, нақты жауап алуға мүмкіндік берілді. Атап өтерлігі, жаңа оқу жылы қарсаңында осы тақілеттес жиындар тұрақты түрде өткізілмек. Сондай-ақ тікелей эфир барысында келіп түскен сауалдардың барлығы іріктеліп, жауаптары университеттің әлеуметтік желідегі ресми парақшаларында жарияланатын болады.

– Жаңа оқу жылында 80 жылдық тарихы бар Альма-матердің ұжымы мен білім алушыларына деген тілегіңізді білсек...

– Қазіргі күнде әлемде төрт мыңнан астам мамандық бар. Соның ішінде ұстаздық қызмет – қандай қоғам, қандай заманауи өзгерістер болмасын, білім беру саласында маңызды рөл атқарып қала бермек. Халқымыздың даңқты перзенті Мағжан Жұмабаев: «Алты Алаштың баласы бас қосқан жерде ең қадірлі орын – ұстаздікі» деген дана ой қалдырған. Ұлы ақынның ұлағатты сөзі техника мен технология қарыштап дамыған бүгінгі күнде де өз өміршеңдігін жойған емес. Қоғамға адал қызмет ететін кадрларды даярлауда басты рөл атқаратын әріптестерімізді жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын! Бұл мереке – жаңа ізденістердің, жаңа бастамалардың, жаңа идеялардың символы. Сондықтан да бұл мейрамның әрбір адам өмірінде  алар орны ерекше. Жаңа оқу жылы баршаңызды жаңа жетістіктерге жетелесін. Оқуда да, еңбекте де алда болайық.

– Жандар Тұрарұлы, әңгімеңізге рақмет! Табыс тілейміз!

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x