Қыздар университетіне ректоры тағайындалды

Dalanews 03 мау. 2021 03:37 1139

Қазақ ұлттық қыздар педагогикалық университетінің Басқарма төрағасы – ректоры қызметіне Гүлмира Әмірханқызы Қанай тағайындалды. Оқу орнының жаңа басшысын ұжымға Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов таныстырды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ҚызПУ-дың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Ведомство басшысы Гүлмира Әмірханқызына 80 жылға жуық тарихы университетті дамыту жолындағы жұмысына сәттілік тіледі.

– Өздеріңіз білетіндей, ел Президенті жастарды мемлекетті басқару ісіне тарту мәселесіне көп көңіл бөледі. Біз Мемлекет басшысының саясатын, соның ішінде білім беру жүйесіне жаңа көшбасшыларды тарту бойынша жұмыстарды жалғастырып келеміз. Жаңа көшбасшылар – өз елін, жерін сүйетін патриоттардан құралған жас ұрпақ. Көбінің халықаралық тәжірибесі бар, олар – кәсіби ортада кеңінен танымал және маман ретінде қалыптасқан тұлғалар. Тек соңғы бірнеше айдың ішінде еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының басшылары болып әлеуеті зор, тәжірибесі мол көшбасшылар тағайындалды.  Соның бірі – Гүлмира Әмірханқызы. Жас көшбасшылар өз білімі мен тәжірибесін еліміздің гүлденуі жолында пайдаланып, еңбек үлестерін қосады деп ойлаймыз. Олардың әрқайсысына үлкен үміт артылып отыр, – деді Асхат Аймағамбетов.

Айта кетейік, Гүлмира Әмірханқызы Қанай 1986 жылғы 12 қаңтарда Жамбыл облысының Тараз қаласында дүниеге келген.

2007 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің бакалавриатын «Лингвист: ағылшын тілі мұғалімі» мамандығы бойынша үздік бағамен тәмамдаған.

2009 жылы аталған жоғары оқу орнының магистратурасын «Аударма ісі» мамандығы бойынша үздік бағамен бітірген.

Гүлмира Қанай – Халықаралық «Болашақ» бағдарламасының түлегі.

2011 жылы Ұлыбританияның Ворвик университетінің магистратурасын «Білім беру саласындағы басқару» мамандығы бойынша, 2019 жылы Кембридж Университеті Білім беру факультетінің докторантурасын үздік тәмамдаған.

Ғылыми дәрежесі – PhD.

Еңбек жолын 2007 жылы Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінің оқытушысы қызметінен бастаған.

2011-2012 жылдары аралығында Назарбаев Университеті Халықаралық ынтымақтастық департаментінің консультанты;

2012-2014 жылдары аралығында Назарбаев Университеті Халықаралық ынтымақтастық департаментінің менеджері;

2014-2020 жылдары аралығында Назарбаев Университеті Оқуға қабылдау департаментінің аға менеджері қызметтерін атқарған.

2020 жылдың қаңтар айынан бері осы уақытқа дейін Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің Постдокторанты.

Гүлмира Әмірханқызының докторлық диссертациясы «Қазақстан мектептеріндегі мұғалімдер көшбасшылығын дамыту» тақырыбын зерттеуге арналған.

Бүгінде ол «Қазақстандық мұғалімдердің көшбасшылығы» зерттеу жобасының жетекшісі.

Ғылыми зерттеу жұмысының нәтижелері бірнеше халықаралық және отандық ғылыми басылымдарда жарияланған.

Зерттеу бағыттары:

- Білім беру саласындағы көшбасшылық пен менеджмент;

- Мұғалімдердің көшбасшылығын дамыту;

- Педагогикалық білім беру;

- Оқытуды ұйымдастыру.

Гүлмира Әмірханқызы Қанай Білім беру саласындағы Қазақстан зерттеушілері қауымдастығының (KERA), Білім беру саласындағы АҚШ зерттеушілері қауымдастығының (AERA) мүшесі.

Баспасөз және қоғаммен байланыс бөлімі

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар