Шығыста студенттік жатақханаларды салу жобасы іске қосылады

Dalanews 19 мам. 2021 04:02 190

ҚР БҒМ «Қаржы орталығы» АҚ-ы Шығыс Қазақстан облысында 5 әлеуметтік жоба аясында құрылыс салушыларға өз есебінен студенттік жатақхананы салу немесе қайта құру, кейіннен мемлекеттік тапсырысты орналастыруды ұсынады. Шығыс Қазақстанда студенттер жатақханасындағы тапшылық шамамен 3 мың төсек-орынды құрайды, – деп хабарлайды Dalanews.kz ШҚО әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

– Біз инвесторларға жатақхана салып, оны 8 жылға мемлекеттік тапсырыспен қамтамасыз етуді ұсынамыз. 1 төсек-орынға салынған жатақхана пайдалануға берілгеннен кейін мемлекет жылына 122 АЕК (355 мың теңге) бөледі. Алматы үшін бұл сома 144 АЕК құрайды. Егер ғимарат қайта жаңғыртылса, онда – 47 АЕК (137 мың теңге), жыл сайын АЕК индексациясымен. Механизм толық пысықталды. Тапсырыс беруші – ҚР БҒМ, оператор – біздің қаржы орталығы, – деді «Қаржы орталығы» АҚ өкілі Ақжол Құрмансейіт.

Мемлекеттік тапсырыс бойынша төлемдерден басқа, инвесторларға «Даму» қоры арқылы банктік қарызды субсидиялау, дайын ЖСҚ ұсыну, студенттердің тұрғаны үшін төлемақы (орташа есеппен 10 мың теңге) және коммерциялық алаңдардан түсетін табыс түрінде қосымша ынталандырушы құралдар ұсынылады.

Мұндай жобалар Алматы, Шымкент, Тараз қалаларында іске асырылды. Сонымен қатар, «Қаржы орталығы» АҚ инвесторларға жан басына нормативтік қаржыландыру аясында өңірде жеке мектептер мен мектеп-интернаттарды салуды немесе реконструкциялауды ұсынады. Мемлекеттік тапсырыс шеңберінде жеке мектептегі 1 оқушы орны үшін төлем құрылыс кезінде – 96 АЕК (280 мың теңге), қайта жаңарту кезінде – 47 АЕК (137 мың теңге) құрайтын болады. Сондай-ақ, мемлекет мектеп қызметінің барлық кезеңіне (кем дегенде 20 жыл) берілетін білім деңгейіне байланысты операциялық шығыстарды орта есеппен 470 мың теңге төлейтін болады.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x