ШҚО-да дін саласындағы әкімшілік құқық бұзушылық азайды

Dalanews 19 мам. 2021 03:45 873

Шығыс Қазақстан облысының дін істері басқармасының құқық қорғау органдарымен бірлескен алдын алу жұмысының нәтижесінде өңірде жетекшілік ететін саладағы әкімшілік құқық бұзушылықтар саны азайды. Мәселен, 2019 жылы 6 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелген болса, 2020 жылы олардың саны 2-ге дейін төмендеді. Бұл туралы басқарма басшысының орынбасары Асқар Исабаев баспасөз конференциясы барысында айтты, – деп хабарлайды Dalanews.kz.

Өткен жылы облыс аумағында 314 діни бірлестіктер мен олардың филиалдары: ислам, православие, католицизм, протестантизм, "Иегова куәгерлері" қауымдастығы, Кришна және иудей приходтары діни қызметін жүзеге асырды. Миссионерлер саны 6 адамды құрады.

– Шығыс Қазақстан облысының әкімдігі діни бірлестіктермен өзара іс-қимылды тұрақты негізде жүзеге асырады. Облыс әкімдігінің, сондай-ақ, қалалар мен аудандар әкімдіктерінің жанында діни бірлестіктермен байланыс жөніндегі кеңестер жұмыс істейді. Олар мемлекеттік органдардың түрлі конфессиялармен өзара іс-қимылы үшін диалог алаңы болып табылады. Сонымен қатар, облыстың діни бірлестіктер басшылары клубы жұмыс істейді. Конфессияаралық келісімді нығайту үшін діни мерекелердің әлеуеті пайдаланылады, – деді Асқар Исабаев.


Сонымен қатар, діни бірлестіктермен бірлесіп қайырымдылық акциялары, экологиялық сенбіліктер, спорттық жарыстар өткізіледі. Әр түрлі конфессиялардың өкілдері бір-біріне келіп, қарым-қатынас жасап, діни бірлестіктің тарихымен, мәдениетімен және қызметімен танысады. Соған қоса, ашық есік күндерін өткізу сияқты креативті форма қолданылады.

– 2020 жылы Шығыс Қазақстандағы діни ахуалды және ақпараттық-түсіндіру топтары қызметінің тиімділігін бағалау бойынша жүргізілген әлеуметтік зерттеулердің нәтижелері дін саласындағы мемлекеттік саясатты қолдаушылардың үлесі 87,1%-ды құрағанын көрсетіп отыр, – деп атап өтті спикер.

Сондай-ақ, басқарманың мәліметіне сәйкес, өңірдегі діни ахуалды қолайлы деп бағалаушылардың үлесі 88,2%-ды құрағанын айта кеткен жөн.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар