Ұстаз абыройы заңмен қорғалады

Dalanews 30 желт. 2019 03:37 187

Біздің Тәуелсіз жас мемлекетіміздің ертеңі білімді ұрпақтың қолында болса, сол ұрпақты өмір жолына тәрбиелейтін білікті ұстаздар қауымының еңбегі өлшеусіз екені айтпаса да түсінікті. 2018 жылы еліміздің Тұңғыш Президенті – Елбасы Н.Ә.Назарбаев «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты кезекті Жолдауында Ұстаз мәртебесін көтеруге бастамашы болды. Мұнда Елбасы ұстаздардың еңбегіне тоқтала келіп: «Келесі жылы «Педагог мәртебесі туралы» заңды әзірлеп, қабылдау қажет деп санаймын. Бұл құжат мұғалімдер мен мектепке дейінгі мекемелер қызметкерлері үшін барлық игілікті қарастырып, жүктемені азайтуға, жөнсіз тексерістер мен міндеттен тыс функциялардан арашалауға тиіс», – деген болатын.

Бұл, әрине, біздің көкейіміздегі көптен жауабын таппай жүрген сауалдың оң шешімін табуына жол бастап, ұстаздар қауымына үміт сыйлағаны сөзсіз. Себебі, бұл мәселе дамыған Батыс елдерінде бұрыннан шешімін тапқан. Ол елдерде мұғалім жұмысы мен оның құқықтары  заң аясында қорғалады. Мәселен, Греция, Дания, Италия, Германия, АҚШ, Португалия және Канада сынды мемлекеттерде  мұғалімдер мемлекеттік қызметші болып саналады. Ал көршілес Ресейде бұл мәселе баяғыда-ақ шешімін тауып, онда федералдық Заңға сәйкес, мұғалімдер 25 жылдық еңбек өтіліне қарай жеңілдікпен зейнетке шығу мүмкіндігіне ие. «Педагог мәртебесі туралы» Заң күні кеше біздің елімізде де қабылданды. Аталған Заңға сәйкес мұғалімдер кәсіби қызметінен тыс қосымша жұмыстардан арылады және істеген жұмысына сай жалақы төленетін болады. Бұл заң мұғалімдердің құқығының тапталмауына және олардың өз кәсібіне жатпайтын қоғамдық жұмыстарға тартылмауына кепіл болады. Яғни материалды және материалды емес ынталандыру, әлеуметтік кепілдіктер, ұстаздардың құқықтарын кеңейту, мұғалімнің жүктемесін азайту сынды өзекті мәселелерді қамтиды.

 

Мұғалімдердің дәстүрлі тамыз конференциясына Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуы ұстаздарымызға деген құрметтің бастауы болды десек, кеше ғана күшіне енген «Педагог мәртебесі туралы» Заң енді еңбегі еленбей келген ұстаздар қауымының мерейін асқақтатқаны сөзсіз.

Жасыратыны жоқ, алғашқы жылдары мардымсыз жалақымен елеусіз қалған кейбір білікті ұстаздарымыз күнкөріс қамымен басқа салаға кетсе, мектеп бітірген жастарымыз педагог мамандығына қызығушылық танытпай, кейін жалақысы дұрыс болатын өзге жұмыстарды таңдап жатты. Осы олқылықтар еліміздің мектептеріндегі білім сапасының төмендеуі мен педагог кадрларының жетіспеуіне әкеліп соқтырды. Осы жайттардың алдын алу,  біріншіден, ұстаз мәртебесін қайтару еліміздің ең өзекті мәселесінің біріне айналған болатын. Олай дейтініміз, біз таяу жылдары әлемнің дамыған ең озық 30 елінің қатарына кіру жолында жұмыстар жасап жатырмыз. Бізге бұл аталған міндетке қол жеткізу үшін ең алдымен білім нәрімен жан-жақты қаруланған жастарымыздың қатары көп болғаны абзал. Ал бұл жастардың көп болуы үшін ең алдымен сапалы білім беретін педагог кадрларымызға ерекше қолдау көрсеткеніміз дұрыс. Біз сонда ғана бұл міндеттерді ойдағыдай орындай алатынымыз айтпаса да түсінікті. Бүгінгі қолданысқа енген Заңымыз бұл мәселеге нақты қолдау болады деп айтуымызға толық негіз бар.

Осы орайда, бүгінде еліміздегі педагогикалық кадрлар даярлайтын жоғары оқу орындарының ұстаханасына айналып отырған Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетіне де артылар жауапкершіліктің жеңіл болмасы анық. Себебі Заңмен бекітілген «Ұстаз мәртебесіне» лайық болар тұлғалардың басым көпшілігін біздің университетіміз даярлап шығарады.

Біздің университетіміздің ректоры Такир Оспанұлы Балықбаев алғашқы келген күннен бастап ұстаз бен студенттің жауапкершілігін арттыру мақсатында «Академиялық адалдық» кодексін қабылдады. Бұл дегеніміз, университетіміздің студенттерін тек қана өз күшімен ғана жетістікке жете алатын мықты кадр етіп даярлау болып табылады. Егер біздің студенттеріміз жоғарыда атап өткендей, сабақ барысында өзіне артылған жауапкершілікті сезініп, білім мен ғылымның белесіне тек өз күшімен ғана ұмтылар болса онда ертең Заңмен қорғалып жатқан «Педагог мәртебесіне» лайық тұлға болары сөзсіз. Осы аталған «Академиялық адалдық» кодексіне сәйкес біз студенттерімізге қойылатын талаптар мен міндеттерді күшейте отырып, олардың сапалы білім алуына, кәсіби білімді терең меңгеруіне, оқытушыларымыздың өз жұмыстарын адал атқаруына мүдделіміз.

Сонымен қатар біз ректордың ұсынысымен студенттердің оқу үлгерімін бағалау критерилерін де жаңаша мазмұнда қарастырып, жаңа заманға сай білім мазмұнын да жаңартудамыз.

Бүгінгідей көз ілеспес жылдамдықта тез өзгеріп жатқан заманда мемлекетіміздің ұстаздар қауымына жасаған бұл қамқорлығы  алдыңғы қатарлы озық елдердің қатарына бір қадам жақындауға мүмкіндік туғызары хақ.

 

Хайрулла Жанбеков, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Академиялық мәселелер жөніндегі департамент директоры

 

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x