Биыл облыстың мәдениет саласында жасалған дүние аз емес. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында үлкен жұмыс жүргізілуде. Бірқатар ауылдарға мәдениет үйлері салынды. Мәселен Жаңаауыл, Кенжекөл ауылдарында жаңа мәдениет ошақтары ашылды. Ал жылдың басты жаңалығы «Ertis» музейінің ашылуы болды.
Май ауданында Қалмаққырған мекенінде археологиялық, этнографиялық зерттеу жұмыстары жүргізілді. Бұл тарихи орыннан 100-ге тарта жәдігер табылған болатын. Ал Торайғыров университетінде халықаралық ғылыми конференция өткізілді. Келесі жылы Қалмаққырған, Берел, Әулиекөл жерлерінде археологиялық қазба жұмыстары жалғастырылмақ.
Сондай-ақ, облыс әкімі облыстың өнер ошақтарының республикалық «Рухани қазына» конкурсында жеткен жетістіктерімен де бөлісті. Мәселен, Потанин мұражайы үздік облыстық музей, ал «Облыстық халық шығармашылығы орталықтарының үздік қызметкері» номинациясында Бұзаубаева Алмагүл жеңіске жетті. «Зағип және көзі нашар көретін азаматтарға арналған кітапхана қызметкері» номинациясы да павлодарлық Ләззат Қуантаеваға табысталды.
Бұдан бөлек, Иса Байзақов атындағы филармония көптеген республикалық фестивальдер мен конкурстарға қатысып, жүлдегерлер санатынан табылады.
Облыс әкімі келер жылға арналған жоспарларымен бөлісті.
– 2020 жылы Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ-музыкалық драма-театры күрделі жөндеуден өтпек. Сондай-ақ, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы мен Әбу-наср әл-Фарабидің 1150 жылдығы, Алтын Орданың 750 жылдығына арналған іс-шаралар өтеді, – деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, облыс орталығында Абай Құнанбайұлының, Естай Беркімбайұлының ескерткіштері бой көтермек. Ал Екібастұз қаласында Бауыржан Момышұлының ескерткіші орнатылады. Бұған дейін Қаныш Сәтпаевтың Нұр-Сұлтан қаласында мүсіні қойылатынын айтылған еді.
Кездесу соңында аймақ басшысы өңірдің мәдениеті мен рухани жұмысына үлес қосып жүрген азаматтарға алғыс хат табыстап, 200 мың теңге көлемінде сыйақы берді. Олардың қатарында Жүсіпбек Аймауытов атындағы қазақ музыкалық драма-театрының актерлары, археологтар және «Тәуелсіздік-тұғырым» челленджін бастаған «Жебе» қоғамдық бірлестігінің жетекшісі Данияр Жұмаділ бар.