Байбек мырза, Мақатаев көшесінде «На Пастера» кәуапханасы қайдан жүр?

Dalanews 07 сәу. 2017 02:11 284

Тәуелсіздік алғанымызға 25 жылдан асты. Алайда әлі де болса кейбір мәселеге келгенде немқұрайлымыз. Иә, Кеңес өкіметін сынаймыз. Бірақ, Қызыл империяның қол астында болған кезімізде көнбіс, айналаға бажайлап қарамайтын енжар күйге түскенімізді байқамаймыз.

Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы көше бар. Ал «Пастера» деген көше жоқ. Бірақ, Мақатаев пен Жетісу көшесінің қиылысында «На Пастера» деген атауды маңдайына жазып қойған кәуапхана тұр.

Иә, Мақатаев көшесінің бұрынғы атауы Пастер екенін Алматының байырғы тұрғындары біледі. Тәуелсіздік алғасын Алматыдағы көптеген көшелер қазақтың аяулы перзенттерінің есімдерін еншіледі.

Мақатаев көшесінің бойында орналасқан «На Пастера» кәуапханасын көрген адам не ойлайды? Бірінші кезекте, «Қазақстан тәуелсіздігін толық алмаған ба?» деп ойлауы әбден мүмкін ғой.
Алматыда Мұқағали Мақатаев атындағы көше бар. Ал «Пастера» деген көше жоқ. Бірақ, Мақатаев пен Жетісу көшесінің қиылысында «На Пастера» деген атауды маңдайына жазып қойған кәуапхана тұр. Мақатаев көшесінің бойында орналасқан «На Пастера» кәуапханасын көрген адам не ойлайды? Бірінші кезекте, «Қазақстан тәуелсіздігін толық алмаған ба?» деп ойлауы әбден мүмкін ғой.

Кеңес заманындағы ескі атауларды жалаулатқан мұндай кәуапханалар мен мейрамханалар Петропавл мен Павлодарда болса, аздап болса да «түсіністікпен» (өйткені, біз толерантты халықпыз ғой) қарауға болар еді. Ал азаттықтың жалауы алғаш желбіреген, желтоқсанның ызғарлы суығында қазақ жастарының қаны төгілген Алматыда мұндай олқылыққа жол беру – үлкен қателік, асқан арандатушылық.

Дәл осы кәуапхананың қожайыны кәсіпкерлікпен айналысуға рұқсат сұрағанда жергілікті билік орындарына кәуапханасының атын «На Пастера» деп тіркеткені анық. Сонда кәуапхананың атын тіркеген Алматы әкімдігі Пастер көшесі тоқсаныншы жылдардың басында Мұқағали Мақатаев көшесі болып өзгеріп кеткенін білмей ме? Әрине, біледі. Біле тұра, үндемеген. Оларға бәрібір, өйткені.

Кеңес заманын еске салатын осындай атаулар елімізде ұлтаралық дүрдараздықты тудырып жіберуі мүмкін екенін әкім-қаралар неге ойламайды?

Қазақ поэзиясында ең көп оқылатын ақын Мұқағали Мақатаев. Көңілі алып-ұшқан ауыл баласы сүйікті Алматысына асығып жеткенде әйгілі ақынның атымен аталатын көшенің бойында «На Пастера» кәуапханасы қарсы алса, қандай күйге түседі? Мұндайда кез келген ұлтжанды азаматтың (ауыл баласы бәріне түсіністікпен қарайтын Алматының байырғы тұрғыны емес қой) бойын ашу-ыза кернейтіні сөзсіз.

Бұла күші бойына сыймаған жас жігіт кәуапханаға кіріп, бұл мәселені айтуы мүмкін. Бұдан кейін ұрыс-жанжал тұтанып, араға тәртіп сақшысы араласып, әлгі Мұқағалидың фанаты (еліне алып-ұшып келген оралман да болуы мүмкін) әп-сәтте «ұлт-араздықты қоздырушы», мамыражай қаланың тыныштығын бұзған «бұзақы» болып шыға келмей ме? Ал енді жауап беріңізші, бұл үшін кімді кінәлаймыз?  Пастерадан көшенің атауын тартып алған Мақатаевты кінәламайтынымыз... анық қой.
Қазақ поэзиясында ең көп оқылатын ақын Мұқағали Мақатаев. Көңілі алып-ұшқан ауыл баласы сүйікті Алматысына асығып жеткенде әйгілі ақынның атымен аталатын көшенің бойында «На Пастера» кәуапханасы қарсы алса, қандай күйге түседі? Мұндайда кез келген ұлтжанды азаматтың бойын ашу-ыза кернейтіні сөзсіз.

Естеріңізде шығар, осыдан бірнеше жыл бұрын Құрманғазы мен Пушкин көшесінің бойында орналасқан гей-клубтың жарнамасын жасау үшін Құрманғазы мен Пушкинді сүйістірген жарнама агенттігін Құрманғазы атындағы консерваторияның студенттері сотқа беріп, соңы үлкен дауға ұласты. Бұдан нені байқаймыз? Кеңес заманын аңсау, сол кездегі атауларды қайта жаңғыртуды қазақ жастарының қаламайтынын аңғарамыз.

Біздер өткенге қарайламауымыз керек. Қазақстан – Азияның ақ барысына айналуды мақсат тұтқан ел. Сондықтан, біздер тәуелсіздігімізді нығайтып, оны әрбір Қазақстан азаматының қастерлеуін жергілікті билік орындары талап етуі тиіс.

Сондықтан, Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек мырза бұл іске назар аударып, қазақ жастарының арандап қалмауы үшін «үй ішінен үй тіккен» (мұнысын өздері де білмеуі мүмкін) кәсіпкерлерді тәртіпке шақырып, Тәуелсіздігімізді қастерлеуге үндеуі керек деп есептейміз. Қажет болса, ірі қалалардағы көше атауын бұрынғы атауымен атауға шектеу қоятын заң қабылдайық. Сол кезде өткенді аңсап, артымызға қайта-қайта мойын бұрып қарай беруді доғаратын шығармыз?

Нұрлан Жұмахан 

автордың Фейсбуктағы парақшасынан алынды

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x