«Оралманға он пайыз жер...» Мұхтар Тайжанға аманат

Dalanews 06 сәу. 2017 15:50 1231

Жер дауынан кейін әзірленген заң жобасы 30 наурыз күні Парламентке түсті. Алдағы жерде "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасын Мәжіліс талқылайтын болады. Жұмыс тобының құрамына азамттық белсенді Мұхтар Тайжанның кіргені бізді қуантып отыр.



Өткен жылы жаз бойы Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаев, кейін оның орынбасары, ауыл шаруашылығы министрі Асқар Мырзахметов төрағалық еткен, құрамына жетпістен астам адам кірген комиссия жаз бойы жұмыс істеді.

Сол талқылауға бастан-аяқ қатысып, батыл да орнықты пікірлерімен көзге түскен Мұхтар Тайжанның қаперіне хат жазып, ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлердің он пайызын болашақта  шеттен көшіп келетін қандастарымызға қорға алып қалу мәселесін көтерген едік (http://abai.kz/post/44576). Оны БАҚ жарыса жазып, бір бөлім қоғам қайраткерлері қолдаған болатын (http://abai.kz/post/44398 ). бекер обалы не, Мұхтар Тайжан бауырымыз да бұл мәселені сол Жер туралы комиссияның бір-екі жиналысында сөз арасында көтергені есімізде (http://www.qazaquni.kz/2016/07/10/54869.html )!

Міне сол өзекті бастаманың Заңмен бекітіліп, сөздің іске асырылатын орайы мен кезеңі келді!

Оралмандарға жер учаскелерiн беру Қазақстан Республикасының қазір қолданыстағы «Жер кодексінің» (2003 жылғы 20 маусымдағы №442) 46-бабы және 100-бабында қарастырылған. Сондай-ақ, «Халықтың көші-қоны туралы» (2011 жылғы 22 шілдедегі №477-IV) Заңның 23-бабында да Оралмандарға жер учаскелерiн беру Оралмандарға, этникалық қазақтарға және олардың отбасы мүшелеріне ұсынылатын мемлекеттік қолдау шараларының тізбесіне енгізілген. Бұл нормаларға тиіспеу керек!!!

Өкінішке орай, көшіп келіп, «Оралман» мәртебесін алып, шаруашылық құру үшін Жер телімдерін сұрап барған қандастарымызға Ақмола облысы мен Ерейментау ауданы секілді кейбір облыстық Жер қатынастары басқармалары мен аудан әкімдері «Жер заңнамасының кейбір нормаларын қолдануға мораторий енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2016 жылғы 6 мамырдағы №248 Жарлығын» көлденең тартып, аталған заң нормаларын орындамай  отырғаны анықталды (http://abai.kz/post/49114 ). Ол аз десеңіз, «БОС ЖЕР ЖОҚ!» деген жауаптар да кездесті. (Төмендегі хатты қараңыз:)



2016 жылы 16 мың 417 отбасы немесе 33 мың 754 этникалық қазақ тарихи Отанына қайта оралып, оралман мәртебесін алды. 2015 жылғымен салыстырғанда жеті есеге көп оралған. Ал, биыл бұл көрсеткіш екі-үш есеге артуы мүмкін!

Сол үшін мәжілісте талқыға түскен "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне жер қатынастарын реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” заң жобасына, ең кемінде, «Оралмандарға он пайыз жер қорға қалдырылады» деген арнайы бап сөзсіз егізілуі керек!

Ал, Елбасының стратегиялық саясатын терең түсініп, жомарттық жасап, 20 пайыз қалдырса, тіпті жақсы!

Мен Мәжілістегі жұмыс тобының құрамына кірген Мұхтар Тайжан бауырыма бұл мәселені аманат етіп тапсырамын. Депутаттарға тәптіштеп түсіндіруін, беті мен беделін салып орындатуын сұраймын!

Ауыт Мұқибек

 06.04.2016

Астана

Abai.kz

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар