Өрт сөндірушілердің жанайқайы. Жаңа тұрғын үйлерде өрт қауіпсіздігі неге сақталмайды?!

Dalanews 11 қаз. 2022 13:14 279

Соңғы жылдары салынған көп қабатты тұрғын үйлерде өрт шыға қаласа оны дер кезінде ауыздықтап, тұрғындардың қауіпсіз аймаққа жеткізу өрт сөндірушілер үшін үлкен мәселе болып тұрғаны жасырын емес. Өйткені жаңа нысандардың бәрін бір-біріне иін тірестіріп салған. Мұндай бей-берекет құрылыс нысандарының арасына өрт сөндірушілердің техникаларының жеткізу қиямет-қайым десек артық айтқандық болмас еді. Осының кесірінен өрт сөндірушілер оқиға орнына дер кезінде жетіп, қызыл жалынды ауыздықтай алмай қиналатыны жасырын емес.

Бір-біріне міңгестіріп салған үйлердің арасымен өрт сөндірушілердің үлкен техникаларын айтпаған күннің өзінде жедел жәрдемнің шағын көліктері кіре алмай, әбден қиналатынын күнделікті өмірден көріп жүрміз. Осындай салғырттық салдарынан адам шығыны болып жататыны да жасырын емес.

Айталық, биыл жазда Алматы қаласы Ақкент мөлтек ауданындағы көпқабатты тұрғын үйлердің бірінде өрт шығып, әлгі жерге өрт сөндірушілер дер кезінде жете алмай, уақыттарын жоғалтқан сәтте тұрғындар қызыл жалынға оранған көпқабатты үйдің жоғарғы қабатынан секіруге мәжібүр болды. Өкінішке орай, сол кезде бір тұрғын мерт болғанын да білеміз.

Көпқабатты тұрғын үй салғанда құрылыс компаниялары өрт қауіпсіздігін қатаң сақтап, кез келген үйдің іргесіне өрт сөндірушілердің техникаларының еркін кіріп, шығатын алаңдарды ойластыруы керек.


Бұдан басқа құрылыс барысында көпқабатты тұрғын үйдің балконында сатылар ортанып, өрт орын алған жағдайда тұрғындардың өмірін сақтап қалуға мүмкіндік тығызуы шарт. Өкінішке орай, қазір бұл талапқа құрылыс компаниялары жүрдім-бардым қарайды.

Жаңадан салынып, иелеріне тапсырылған тұрғын үйлердің балконына шығып, өрт қауіпсіздігіне арналған саты мен шағын люкті іздесеңіз таппайсыз. Керек десеңіз, қазір кейбір үйлерде сатыны былай қойып, балконды да таппай қиналасыз. Осындай олқылықтар өрт сөндірушілердің жұмысын күрделендіре түсетінін біз айтпасақта түсін отырған шығарсыздар.

ҚР Төтенше жағдай министрлігі биыл еліміз бойынша 37 көпқабатты үйде өрт орын алғанын алға тартты. Өз кезегінде өрт сөндірушілер оқиға орнына дәл уақытында жетіп, қызыл жалынды ауыздықтауға барын салған. Бұл үшін өрт сөндірушілерге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Өмір болғаннан кейін түрлі оқиғалар орын алып тұратыны белгілі. Бірақ қоғамдық ортада қауіпсіздік шараларын қатаң сақтасақ, қайғылы жағдайлардың орын алуы айтарлықтай төмендетуге болады.

Бірақ қазір еліміздегі құрылыс компанияларының өрт қауіпсіздігіне жүрдім-бардым қарап, адам өмірімен ойнауын қояр емес.

Кезінде жаңадан салынған көпқабатты тұрғын үйлерді қабылдап алатын арнайы комиссияның құрамында өрт сөндірушілер де болушы еді. Өкінішке орай, 2016 жылдан бастап әлгі комиссияның құрамынан өрт сөндірушілер шететілген-ді. Міне, содан бері құрылыс компаниялары көп қабатты тұрғын үйлерді салуда өрт қауіпсіздігін сақтамай салуды әдетке айналдырғаны ащы да болса шындық.

О баста Үкімет құрылыс компанияларын қадағалаушы органдар жөнсіз тексере бермесін деген мақсатпен өрт сөндірушілердің жаңа нысандарды салу кезінде тексеруін тоқтатқан болатын. Атақрушы биліктің осы бір игі ойын кейбір пысықай компаниялар өз мақсаттарына пайдаланып, үй салғанда өрт қауіпсіздігін қамтамасыз етпейтін болғна.


Иә, о баста кәсіпкерлерді жөнсіз тексерудің болғанын білеміз. Ал қазір қадағалушы органдар да кәсіпкерлік нысандарды жөнді-жөнсіз тексеруге болмайтынын жақсы түсінеді.

Көпқабатты тұрғын үйлерде өрт орын алып, құтқарушылардың 100 қадам жерге техникалырн жеткізе алмай ит әуіреге түскенін көргенде құрылыс компанияларына кімнің де болса зығырданы қайнайды.

Бүгінде депутаттардың өздері де жаңадан салынған құрылыс нысанын қабылдап алатын комиссияның құрамына төтенше жағдай қызметінің өкілдерін қайтадан енгізу мәселесін көтере бастады.

Біздіңше, бұл мәселені сағызша созбай тездетіп шешкен жөн. Егер комиссия құрамында өрт сөндірушілер болатын болса, тұрғын үй құрылысы саласында жоғарыда атап көрсеткен кемшіліктер орын алмайтыны анық.

Нұрлан ӘУБӘКІР

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x