Түркістан: Мақта саласындағы өзекті проблемаларға байланысты Үкіметке ұсыныстар жолданды

Dalanews 27 қаз. 2022 13:25 760

Түркістан облысында туындаған мақта мәселесін шешу мақсатында облыс әкімі Дархан Сатыбалдының төрағалығымен алқалы жиын өтті. Оған Сыртқы істер министрлігі, Инвестиция комитетінің төрағасы Ардақ Зебешев, Сауда және интеграция министрінің орынбасары Қайрат Төребаев, ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің орынбасары Бағлан Бекбауов,  ҚР Парламент мәжілісінің депутаттары Қайнар Абасов пен Сырым Ертаев арнайы қатысты, – деп хабарлайды Dalanews.kz Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Басқосуға мақта зауыттарының басшылары мен диқандар да болды. Басқосуда жыл сайын қайталанатын өзекті мәселені шешудің бірнеше жолы ұсынылды.

– Биыл мақта бағасы нақты белгіленбей әрі тұрақсыз болып, салдары осы саладағы агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Бұған мақта саласының шикізат күйінде экспортқа бағытталып, өңірде тоқыма тігін кластерін дамыту тиісті деңгейде қолға алынбауы да себеп болуда. Аталған мәселе жылда қайталанады. Осыған байланысты агроқұрылымдарды қолдап, мәселені жүйелі шешудің жолын қарастырған жөн. Біздің шаруалар шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді болып отыр.

Бұл мәселе жылда қайталануда. Бүгін бірінші кезекте осы саладағы барлық проблеманы талқылап, қорытынды жасау үшін жиналып отырмыз. Алдағы уақытта ұсыныстарды нақтылап, орталық үкіметтік орган басшыларын өңірге шақырамыз. Шаруалармен, мақта зауыты басшыларымен тағы да кездесеміз. Біз өңір шаруаларының өз жұмысын жүргізіп, отбасыларын асырауларына қолайлы жағдай қалыптастыруға мүдделіміз, – деді Дархан Сатыбалды.


Шитті мақта саласы тек шикізат күйінде экспортталатындықтан мақта бағасы шетелдік трейдерлік компанияларға тәуелді. Осыдан арылу мақсатында және шетелдік трейдерлік компаниялардан тәуелсіз жұмыс істеу үшін өңірде мақта кластерін дамытуды қолға алу қажет. Бұл жөнінде Үкіметтің алдағы кезекті отырысының күн тәртібіне қарау үшін ұсыныс енгізілетін болады. Осыған орталық атқарушы органдарға бірқатар мәселелерді назарға алып, оң шешілуіне ықпал жасауы сұралды. Өйткені мақта мәселесін тек облыс әкімдігі деңгейінде шешу мүмкін емес. Оны кәсіпкерлер де мәлімдеп, саладағы проблемалар бойынша  ойларын ашық айтты.

Елімізде мақта кластерін, жеңіл өнеркәсіп (тоқыма, тігін) саласын дамыту мақсатында «Мақта саласын дамытудың» мемлекеттік бағдарламасының қабылдау, инвестициялық субсидия арқылы мақта өңдеу зауыттарын, қайта терең өңдеуді оның ішінде тоқыма, тігін фабрикаларын салу мен кеңейту, құрал-жабдықтарын алу, реконструкциялау жөніндегі жаңа паспортын енгізіп, инвестициялық шығынды 50% өтеу мүмкіндіктерін қарастыру ұсынылды.

Мақта талшығының бағасын анықтап, мақта зауыттарынан сатып алу мүмкіндіктерін ұсыну жағы да айтылды. Сонымен бірге «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ және екінші деңгейлі банктер арқылы жеңілдетілген ұзақ мерзімді үлкен көлемдегі несие беруді қарастыру мәселесі көтерілді.

«Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ-на мақта талшығын экспортаушы кәсіпкерлерге үшін Мақтаарал - Достық (Алашанькоу) станцияларының аралығында қажетті көлемде вагонды мерзімінде бөлу және мақта талшығын тасымалдау шығынын 50% төменгі бағада белгілеу ұсынылды. Сауда және интеграция министрлігіне мақта талшығын экспорттау көлемін ұлғайту және инвесторларды қолдау мақсатында темір жол, жүк көлігі тарифтерін 50% төмендету мүмкіндіктерін қарастыруды, Сыртқы істер министрлігінің Инвестиция комитетіне мақта талшығын импортаушы елдердегі (Түркия, Қытай, Белорусь, Ресей, Чехия, Өзбекстан, Молдова, Латвия, Белгия, Германия т.б.) елшіліктермен бірлесіп, мақта кластерін дамыту үшін инвесторлар тарту мәселесі көтерілді.

Түркістан облысы – республикада мақта дақылын өсіретін еліміздегі бірден-бір өңір. Бұл салада 25 мыңға жуық агроқұрылым еңбек етеді. Биыл мақта дақылы 126,3 мың гектарға егіліп, 330,3 мың тонна өнім жинау жоспарлануда. Бүгінгі күнге 305 мың тонна немесе 93% жиналды. Шитті мақтаны қабылдау үшін 22 мақта өңдеу зауытының 187 мақта қабылдау бекеті жұмыс істеп тұр. Зауыттар шитті мақтаны 200 - 250 теңгеден алдын ала төлем жұмыстарын жүргізуде. Бұл агроқұрылымдардың өзіндік шығынын ақтамай отыр.

Биыл шитті мақтаны сатып алу бағасы төмен болып, агроқұрылымдардың наразылықтарын тудырды. Оның негізгі себебі – әлемде болып жатқан геосаяси жағдайларға байланысты логистикалық желілер күрделеніп, тасымалдау шығындары бірнеше есе өсті. Бұл мақта сатып алушы шетелдік компаниялардың (трейдерлердің) Қазақстан нарығына сұраныстарын төмендетіп, шитті мақта бағасының тұрақсыздығына алып келді.

Шитті мақтаның өткізу бағасы әлемдік нарықтағы мақта талшығының бағасына тікелей тәуелді және Ливерпуль мақта биржасының индексіне сәйкес белгіленеді. Бүгінгі күнге Ливерпуль биржасында орта талшықты  мақта бағасының 1 тонна баға көрсеткіші 93,75 индекс, яғни шитті мақтаның болжамдық бағасы 231,9 мың теңгені құрап отыр.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар