Мамин Алматы облысын аралады

Dalanews 22 нау. 2019 12:23 235

Үкіметбасы Асқар Мамин жұмыс сапарымен Алматы облысын аралады.

Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша Премьер-министр Асқар Мамин 23 наурызда Алматы облысына жұмыс сапарымен барып, өңірде Тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаевтың Жолдауы мен тапсырмасында айтылған реформалардың орындалу барысымен танысты,

Жұмыс сапары аясында Мамин Мемлекет басшысының көктемгі су тасқыны кезеңіне дайындық туралы тапсырмасының қалай орындалып жатқанын көрді. Дәлірек айтқанда, Үкімет басшысы Қорғас өзенінде сел және су тасқынынан қорғану жобаларының іске асырылу барысын тексерген.

Содан соң Премьер-министр Қазақстан–Қытай шекарасында тауар айналымын ұлғайтуға, Қазақстанның транзиттік әлеуетін арттыруға бағытталған Орта Азиядағы аса ірі «Нұр жолы» өткізу бекеті мен «Қорғас –Шығыс қақпасы» АЭА құрғақ портына барды.

Бұдан бөлек, Маминге бірнеше өнеркәсіптік кәсіпорынның негізгі көрсеткіштері және жаңа нысандардың жобалары таныстырылды: «KIF Warehouses» қойма орындарының терминалы, «Феникс Фид Миллс» құрама жем шығаратын зауыт, «Заря Ltd» астық терминалы.


Сонымен қатар Үкімет басшысы «Қорғас» халықаралық шекара маңы ынтымақтастығы орталығы мен оның аумағында орналасқан қазақстандық сауда нысандарына барып, келушілер, тауарлар мен көлік құралдарының қозғалысын тіркеу мен бақылауға арналған автоматтандырылған жүйемен танысты.


Талдықорған қаласында Асқар Мамин азаматтардың әл-ауқатын арттыруға арналған әлеуметтік нысандарды аралап, сондай-ақ өңірде индустрияландырудың дамуымен танысқан.

Салынып жатқан тұрғын үй алабын аралап жүріп, премьер-министр өңірде баспананың қолжетімділігін арттыру және мұқтаж жандардың, оның ішінде көпбалалы отбасылардың тұрғын үй мәселесін шешу үшін қабылданып жатқан шараларды тексерді.

Облыс орталығында Мамин «Талдықорған» индустриялық аймағын аралап, Алматы облысындағы басқа индустриялық аймақтардың даму жобаларын көрген. Кейін Үкімет басшысы «Қайнар АКБ» аккумулятор шығару зауытын аралап,  технологиялық процесс пен шығарылатын өнім желісін бақылаған.

Жұмыс сапарының соңында Асқар Мамин Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының жұмысын тексеріп, сонымен қатар қаланың әлеуметтік-экономикалық  дамуы, оның ішінде туризмді жетілдіру мәселесімен, Алматы қаласы маңын дамыту жобасымен танысты.

 

Тақырыпқа орай:

 

Баталов Маминге:

 «Жалға берілетін тұрғын үйлер санын арттыру қажет»

Талдықорғанға жұмыс сапарымен келген Премьер-министрге Алматы облысының әкімі Амандық Баталов баспана мәселесі бойынша өтінішін білдірді.

Үкімет басшысына облыс әкімінің бірінші орынбасары Ләззат Тұрлашов өңірдегі құрылыс жұмыстарына қатысты мәлімет беріп өтті.

«Биыл 784 мың шаршы метр баспананы саламыз. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 19 млрд 100 млн теңге қаражат бөлінген.  Соның ішінде кредиттік үй  42 мың шаршы метр болады.

Сонымен қатар қосымша 2,8 млрд теңгеге көпқабатты сегіз үйді көпбалалы отбасыларға саламыз», – деді Ләззат Тұрлашов.

Осы сәтте Алматы облысының әкімі Амандық Баталов Үкімет басшысына өз өтінішін білдірді.

«Асқар Ұзақбайұлы, жалға берілетін арендалық тұрғын үйлердің санын арттыру жөнінде  өтінішімді білдіремін. Себебі баспана кезегінде тұрғандар саны өте көп. Бізде жобалық-сметалық құжаттар дайын», – деді Алматы облысының әкімі Үкімет басшысы Асқар Маминге қарата айтқан сөзінде.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар
x