Талдықорғанның басты көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді

Талдықорғанның басты көшесіне Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді
Талдықорған қаласының ең ұзын әрі басты көшесі бұрын «Тәуелсіздік» деп аталған.

Күні кеше ғана  тағайындалған жаңа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ұсынысы бойынша,  Алматы облысының орталық қаласының басты көшесіне Қазақстанның Тұңғыш президенті, «Халық қаһарманы» атағының иегері  Нұрсұлтан Назарбаевтың есімі берілді, – деп  хабарлайды өңірлік коммуникациялар қызметі.

Талдықорған қаласының ең ұзын әрі басты көшесі бұрын «Тәуелсіздік»  деп аталған. Оның жалпы ұзындығы 6,8 км, ені 16-18 м.  Көше   қаланың бір шетінен екінші шетіне дейін жалғасады. Оның бойына қаланың ең көрікті нысандары мен тарихи ескерткіштері орналасқан.

Атап айтар болсақ, қазақ билеріне арналған «Үш ата» ескерткіші, қазақтың белгілі ақын-жазушысы Ғали Ормановтың бюсті, қазақ батыры Қаракерей Қабанбайдың және тағы да басқа ескерткіштер. Ал ең көрікті нысандар: Орталық саябақ, «Аквапарк» демалыс орны, І.Жансүгіров атындағы университет, 5 колледж, 2 орта мектеп, орталық алаң, мәдениет сарайы, мұражай және т.б.

 

Меруерт МАХМҰТЖАН