Талдықорғандық кәсіпкер 8 баласы бар отбасыға пәтер сыйлады

Dalanews 22 нау. 2019 12:18 791

Әлеуметтік кәсіпкер, «Статус» ойын-сауық кешенінің директоры Асқар Біләлов Талдықорған қаласының тұрғыны Индира Қарабековаға үш бөлмелі пәтер сыйлады.

Индира Қарабекова – сегіз баланың анасы. Осыған дейін Асқар Біләлов жанұяға көмек көрсетіп келген, жақында тұрғын үй мәселесін толық шешіп беруге шешім қабылдады.

«Қарабековтер жанұясын біраз уақыттан бері білемін. Бұған дейін азық-түлік себеттері түрінде қайырымдылық көрсеткенбіз. Үйлеріне келген сайын лайықты өмір сүруге жағдай жасалмағанын байқайтынмын. Сондықтан Наурыз мерекесі қарсаңында осындай сыйлық жасауды шештік», – деді кәсіпкер.

Үш бөлмелі пәтер жөндеуден өткен және жартылай жиһаздалған. Бұл пәтер Индира Қарабекова мен балалары үшін тосынсый болды. Көпбалалы ана саяжайда жалдамалы үйде тұрып келген.

«Біздің жеке үйіміз болады деп армандайтынбыз. Бірақ бұл арманымыз осыншама жылдам орындалады деп ойламаппын. Асқардың жасаған жақсылығы үшін  алғыс білдіремін. Бүгін біздің өміріміз күрт өзгерді», – дейді көпбалалы ана.

Бұл кәсіпкердің алғашқы қайырымдылық шарасы емес. Осыған дейін кәсіпкер тұрақты түрде қалалық қайырымдылық акцияларына қатысып келеді, мүмкіндігі шектеулі балаларға мерекелік шараларының ұйымдастырушысы.

«Біз қоғамда болып жатқан істерге бейжай қарамай, үнемі атсалысып жүретін кәсіпкерлердің ізгі істері туралы кеңінен насихаттап, оларды жастар алдында үлгі етіп отыруымыз керек.  Қоғамдағы  өзекті әлеуметтік жобаларды жүйелі шешу үшін Ұлттық кәсіпкерлер палатасы «Менің атамекенім» жобасын іске қосты, atamekenim.kz порталында көмекке мұқтаж жандар «Маған көмек керек» бөліміне өтінім қалдыруына болады. Ал көмек қолын созуға дайын адамдар «Көмек беру» бөліміне өтіп, қолдау көрсете алады», – деді Алматы облысы Кәсіпкерлер палатасының адами капиталды дамыту бөлімінің басшысы Алмагүл Оңғарбаева.

Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар