Back
| DalaNews

Тіл жанашырын тұқыртпақ болған Павлодар әкімдігі аппаратының басшысы жұмыстан босатылды

Павлодар қаласы әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров қызметінен босатылды. Бұл туралы ОКҚ-да өткен брифингте Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов айтты, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Брифинг барысында Павлодардағы қоғам белсендісі Руза Бейсенбайтегі өз өңірінде қазақтілді мектептердің аздығын айтып, мәселе көтеріп жүрген жандардың бірі екендігі айтылды.

Осы мәселемен ол әкімдікке келіп, бейбіт митинг өткізуге рұқсат сұраған. Тіл жанашырын Павлодар әкімі аппаратының басшысы Қайыржан Оңғаров қабылдаған. Алайда талапты тыңдаудың орнына жүйке-психиатриялық диспансерінен дәрігерлер тобын шақыртқан.

– Мемлекеттік тіл мәселесі – өте маңызды. Біз бұл жайтты әкімдіктің жеке отырысы аясында бөлек талқыладық. Жыл соңына дейін оны одан әрі талқылаймыз. Иә, шынымен де, Руза Бейсенбайтегі жақында бізге өтінішпен келді. Біз оған бейбіт митинг өткізуге рұқсат бердік. Митинг заңды түрде өтті. Біз айтылған ұсыныстарды қабыл алдық. Сын ескерілді, сындарлы ұсыныстар бар. Бұл мәселе менің жеке бақылауымда, – деп жауап берді Сқақов.

Ал Оңғаровтың әрекетіне қатысты облыс әкімі оның жұмыстан босатылғанын айтты.

– Қала әкімдігі аппаратының басшысы Оңғаров мырза қызметінен босатылды, – деді ол.

Тағы оқыңыз:

Тұрғысын ГЭС-і жұмысшыларының айлық жалақысын толықтай төледі