Қазақстандық тау-кен компания Ауғанстанда геологиялық барлау жұмыстарын бастады

Көркем Алдабергенова 18 шіл. 2025 12:17

Қазақстандық «Kazakhmys Barlau» компаниясы Ауғанстанның тау-кен саласында геологиялық барлау жұмыстарын бастап кетті, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Компания Ауғанстанды пайдалы қазбалар өндіруге болашағы зор аймақ ретінде сипаттап, бұл елде қорғасын мен мырыштың жоғары сапалы қоры бар екенін мәлімдеді.

Сонымен қатар, Тау-кен және мұнай өнеркәсібі министрлігі Кабул мен Астана арасындағы тығыз байланысқа сілтеме жасай отырып, Ауғанстанда мол табиғи ресурстар барын және Қазақстанның осы байлықтарға инвестиция салуға мүмкіндігі барын айтты.

Тау-кен және мұнай өнеркәсібі министрлігінің өкілі Хомаюн Ауганның сөзінше, Қазақстан бір жағынан Ислам Әмірлігімен жақсы қарым-қатынас орнатқан, екінші жағынан, қазақ компанияларының тау-кен саласындағы әлеуеті жеткілікті.

«Ауғанстан пайдалы қазбаларға бай және бұл байлықтарды ел ішінде өңдеу мен өндіру жұмыстарын халықаралық стандарттарға сай жүргізу үшін ірі компаниялармен ынтымақтасуда».

Осы орайда кейбір экономикалық сарапшылар шетелдік инвестициялар Ауғанстан экономикасының өсуіне, жұмыс орындарының ашылуына және инфрақұрылымның дамуына септігін тигізуі мүмкін екенін алға тартады.

Экономикалық сарапшы Абдул Насир Рештияның айтуынша, саяси мәселелер шешіліп, Ауғанстан халықаралық қауымдастық тарапынан ресми түрде танылған жағдайда, жаһандық, өңірлік және көршілес елдер бұл елге инвестиция құюға ұмтылады.

Тағы бір экономист Котбуддин Якубидің сөзінше, Ауғанстан мен Қазақстандағы бар әлеуетті ескерсек, бұл серіктестік ауған пайдалы қазбаларын барлау, өндіру және өңдеу ісінде маңызды әрі тиімді рөл атқара алады. 

Бұл бастама Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Ауғанстан бойынша арнайы өкілімен кездесуінде Ислам Әмірлігінің ресми тұлғаларымен екіжақты ынтымақтастықты кеңейту қажеттігін атап өткенінен кейін қолға алынып отыр.

Қазақстан мен Ауғанстан Орталық және Оңтүстік Азияны байланыстыратын теміржол желісін салу және оны пайдалану бойынша негізгі қағидалар жөнінде өзара түсіністік туралы меморандумға қол қойды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар