Қытайдан 36 мыңнан астам турист: Алматы туризм саласындағы халықаралық ынтымақтастықты кеңейтеді

Ақтоты Жапатова 18 шіл. 2025 16:30

Алматы Қытай туроператорларының назарын өзіне аударып отыр. Бейжіңде өткен Beijing International Tourism Expo (BITE 2025) халықаралық туристік көрмесінің қорытындысы бойынша мегаполиске Қытай Халық Республикасынан 2025-2026 жылдары 36 мыңнан астам турист тартуды көздейтін 30 келісімге қол қойылды. Бұл туралы қалалық туризм басқармасы мәлімдеді,- деп хабарлайды Dalanews.kz

Қытай Алматы үшін туризм бағытындағы маңызды нарықтардың бірі. 2024 жылы шаһарға Қытайдан 99 167 турист келген. Бұл шетелдік қонақтардың жалпы санының 14,4%-ы.

Айта кетейік, 2025 жылы 27-29 маусымы аралығында Алматы өзінің туристік әлеуетін Азия-Тынық мұхиты аймағындағы ең ірі іс-шараның бірі BITE 2025 көрмесінде таныстырды. Аталған көрмеге 60-тан астам елдің өкілдері қатысты. Алматының стендіне келген қонақтар қала мәдениетімен жақынырақ танысты: қазақтың ұлттық музыкасы шырқалып, дәстүрлі ас мәзірі ұсынылды, қолөнер бұйымдары мен тарихи үлгіде жасалған зергерлік әшекейлер қойылды.

Көрме қорытындысы бойынша Алматы стенді мазмұны мен жоғары деңгейде ұйымдастырылғаны үшін арнайы Best Organizing Award жүлдесіне лайық деп танылды.

BITE 2025 көрмесіне қатысу Алматыны дәстүрі бай, мәдениеті кемел және заманауи туристік инфрақұрылымы дамып келе жатқан ерекше бағыт ретінде халықаралық аренада насихаттаудың маңызды қадамына айналды.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар