Жетісу облысының полиция департаменті 32 жастағы әйелдің өліміне қатысты әлеуметтік желіде тараған жалған ақпараттар үшін заң алдында жауапкершілік қарастырылатынын ескертті, деп хабарлайды Dalanews.kz.
“Әлеуметтік желіде түрлі тексерілмеген жорамалдар мен негізсіз пайымдар тарап жатыр. Ескертеміз, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес, жалған ақпарат таратқаны үшін жауапкершілік көзделген. Азаматтарды тек ресми ақпарат көздеріне сенуге және алдын ала тергеу барысына әсер етуі, қоғамды шатастыруы мүмкін жалған мәліметтерді жарияламауға шақырамыз”, – деп мәлімдеді облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Полицияның мәліметінше, 22 маусымда болған әйел өліміне байланысты алдын ала тергеу амалдары жалғасып жатыр. Күдікті оқиға болған күннен бастап қамауда отыр.
“Қазіргі уақытта бірқатар сот-медициналық сараптамалар тағайындалып, олардың қорытындылары күтілуде. Сараптама нәтижелеріне сәйкес, прокуратура органдарымен келісілген түрде күдіктінің әрекетіне түпкілікті құқықтық баға берілетін болады”, – деп толықтырды департамент өкілдері.
Айта кетейік, бұған дейін Жетісу облысында 32 жастағы әйелдің қаза тапқаны туралы жазған едік. Марқұмның туыстары күдікті оның күйеуі екенін айтады.
Қайғылы оқиға туралы алғашқы ақпарат журналист Сандуғаш Дүйсенованың парақшасында жарияланды. Оқиға Ақсу ауданына қарасты Баласаз ауылында орын алған.
"Күйеуі оны аса қатыгездікпен өлтірген. Қанды оқиға Айзаттың екі жасар қызының көз алдында болған. Алдымен олардың арасында жанжал шыққан. Кейін бірнеше сағат бойы аяусыз азаптау жалғасқан. Айзаттың денесінде азаптаудың белгісі болған – жабық бассүйек-ми жарақаты, миының ісінуі, бассүйектің негізінің сынуы, қол-аяқ пен жамбастың көптеген сынығы, денесінде дөрекі беткеймен сүйрелген іздер. Туыстары оны арқанмен атқа байлап, далада сүйреген деп болжайды", – деп жазды журналист.
Туыстарының сөзінше, марқұмның денесінде сау жер қалмаған.
"Полицияның мәліметінше, Айзат Жұманова 22 маусым күні түнгі сағат 02:30-да Талдықорған қалалық ауруханасына жеткізілген. Жарты сағаттан соң дәрігерлер оның қайтыс болғанын растаған. Алайда туыстары бұған сенбейді. Олар Айзат сол сәтке дейін-ақ жан тапсырған деп есептейді", – деп жазды Дүйсенова.
Полиция бұл факті бойынша ҚР ҚК 106-бабының 3-бөлігімен "Абайсызда өлімге әкеп соққан ауыр дене жарақатын келтіру" бабы бойынша қылмыстық іс қозғаған. Алайда туыстары бұл істі "Аса қатыгездікпен жасалған адам өлтіру" бабына ауыстыруды талап етті.