Ұлттық аудиторлық палатаның "Самұрық-Қазына" қорының қызметіне жүргізген аудитінің қорытындысы жылдың ІІІ-тоқсанында, яғни қыркүйекте депутаттар жұмысқа шыққан соң, Парламент қабырғасында талқыланады, деп хабарлайды Dalanews.kz.
Бұл туралы Үкімет басшысы Олжас Бектеновтің Мәжіліс депутаттарына берген жауабында айтылады, деп хабарлайды informburo.kz.
Премьер-министрдің мәлімқтіне сәйкес, бүгінде қордың активтерінің жалпы құны 41,1 трлн теңгеге тең. Қазіргі таңда Қор стратегиялық холдинг басқару тәсілін қолданса, 2030 жылға қарай ол инвестициялық холдинг басқару тәсіліне көшуі тиіс. Қазіргі таңда дайындық жұмыстары жүріп жатыр.
"Қордың құрамында портфельдік компаниялардың болуы оның инвестициялық тартымдылығын арттырады. Әлемдік тәжірибе көрсеткендей, тәуелсіз қордың құрамында болу компаниялардың құнын 15 пайызға дейін арттырады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, 2022 жылдан бері Қор екі кезеңдік реформалаудан өтті. Бірінші кезеңде Қордың қызметкерлерінің саны екі есе қысқарып, шетелдегі өкілдіктері жойылды. Ал екінші кезеңде портфельдік компаниялардың тиімділігін арттыру жұмыстары жүріп жатыр", делінген Үкімет басшысының жауабында.
Сондай-ақ, Премьер-министр биыл жыл соңына дейін "Қазақстан темір жолы" компаниясының, ал 2026-2027 жылдары QazaqGaz компаниясының акциялары IPO-ға шығарылатынын еске салды.
Бұған дейін сайтымызда "Оңбай сынға ұшырап жатқан "Самұрық-Қазына" ақыры үн қатты" деген материал жарияланған болатын.