Алматы облысында VIP-тұтынушыларға есірткі сатумен айналысқан қылмыстық топтың қызметі әшкереленді, деп хабарлайды dalanews.kz.
Тергеу мәліметінше, күдіктілер есірткіні заңсыз өсіруден бастап, дайын өнімді сатуға дейінгі толық өндіріс тізбегін ұйымдастырған.
Жасырын фитозертхана заманауи автоматтандырылған желдету жүйесімен, температура, жарық және суару режимін бақылайтын құрылғылармен жабдықталған.
Тінту барысында 29 түп қарасора, 27 келі дайын есірткі, өсіруге арналған арнайы құрал-жабдықтар, 3 миллион теңге қолма-қол ақша, сондай-ақ тіркелмеген травматикалық қару мен оған арналған оқ-дәрілер тәркіленді.
Полицияның мәліметінше, фитозертхананы ұйымдастырған 40 жастағы ер адам ұзақ уақыт бойы каннабис тобына жататын есірткілерді өсіру технологиясын зерттеген. Ол бұл үшін шетелдерге арнайы барып, мамандардан кеңес алып, заманауи технологияларды енгізіп, гашиш майын алу тәсілдерін жетілдіріп отырған.
Сонымен қатар оның сыбайласы да ұсталды. Күдіктілердің барлығы уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сондай-ақ олардың жылжымайтын мүлкі мен қымбат автокөліктеріне тыйым салынды.