Freedom Inside '26

12 жыл билікте болған Вучич президенттіктен кететінін мәлімдеді

12 жыл билікте болған Вучич президенттіктен кететінін мәлімдеді
AP Photo / Darko Vojinovic

Сербия президенті Александр Вучич алдағы апталарда қызметінен кететінін мәлімдеді. Бұл туралы ол 27 маусымда өз жақтастары қатысқан митингте айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.

Reuters агенттігінің мәліметінше, Вучич отставкаға кеткеннен кейін Сербияда мерзімінен бұрын президенттік және парламенттік сайлау өтуі тиіс. Алдын ала болжам бойынша, сайлау осы күзде ұйымдастырылуы мүмкін.

Александр Вучич Сербия билігінде 12 жылдан бері отыр. Оның президент ретіндегі екінші мерзімі 2027 жылдың ортасында аяқталуы керек еді. Ел конституциясына сәйкес, бір адам қатарынан екі мерзімнен артық президент бола алмайды.

Вучич бұған дейін билікте қалу үшін Конституцияны өзгертпейтінін айтқан. Дегенмен ол саясаттан кетпейтінін аңғартып, алдағы парламенттік сайлауға қатысуы мүмкін екенін жеткізді.

Сербия басшысының сөзінше, егер партиясы қолдау білдірсе, ол премьер-министр лауазымына үміткер болуды жоспарлап отыр. Айта кетейік, Вучич 2014-2017 жылдары Сербия үкіметін басқарған.