Қызметін саудаға салған экс-прокурордың айласы әшкереленді

Қаракөз Амантай 17 шіл. 2025 16:59

Ұлытау облыстық соты бұрынғы прокурор Самат Қаниевке қатысты үкім шығарды, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Тергеу дерегіне сәйкес, ол бір азаматтан “қылмыстық істі шешуге көмектесемін” деп уәде беріп, екі миллион теңге алған. Каниев мамыр айында Қызылордада ұсталған.

2025 жылдың сәуірінде еңбек демалысында жүріп, танысына өзін әлі де қызметте жүрген прокурормын деп таныстырып, “қылмыстық істі реттеп беремін” деген желеумен ақша алған. Ақшаны бірнеше бөлікпен алғанымен, уәде еткен іс-әрекеттерін орындамаған. Сот барысында Қаниев кінәсін толық мойындап, мұндай қадамға анасының ауыр науқасы мен қарыздарының салдарынан барғанын алға тартқан.

Экс-прокурор “алаяқтық” және “пара беруге итермелеу” баптары бойынша кінәлі деп танылып, үш жарым жылға бас бостандығынан айырылды. Сонымен қатар, ол мемлекеттік қызметте жұмыс істеу құқығынан өмір бойына айырылып, “бірінші сыныпты заңгер” атағынан да айырылды.

Бұл уақытта Атырауда "Самұрық-Қазынаның" еншілес компаниясы басшылығының қатысы бар көп миллиондық пара мен ұрлық фактілері бойынша ірі сыбайлас жемқорлық ісі қаралып жатыр.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар