Болат Назарбаевтан қалған тағы бір ірі базар мемлекет меншігіне өтпек

Көркем Алдабергенова 18 шіл. 2025 18:10

Алматы облысының әкімдігі марқұм Болат Назарбаевқа тиесілі болған тағы бір ірі сауда нысанын мемлекет меншігіне қайтаруға кірісті, деп хабарлайды Dalanews.kz Todayinfo.kz сайтына сілтеп. 

Қазір Қарасай ауданындағы «Барыс» базарының 36 гектар аумағын толық иемдену үшін сот процестері жүріп жатыр.

Ұзақ жылдар бойы Назарбаевтар әулетінің бақылауында болған базар аумағында бұрын автокөлік саудасы қызған. Енді жергілікті билік бұл аумақты өнеркәсіптік мақсатқа пайдалануды көздеп отыр.

Облыс әкімі Марат Сұлтанғазиевтің айтуынша, базардың аумағы бірнеше адамға жекешеленіп кеткен. Қазіргі кезде сол учаскелерді мемлекетке қайтару үшін даулы сот істері қаралып жатыр.

"Автокөлік базары тиімді жерде орналасқан, бірақ оның иелері бірнеше адам. Біз соттасып жатырмыз. Егер сот бізді қолдап, 36 гектардан астам жер мемлекетке өтсе, онда бұл аумақта өнеркәсіптік-индустриялық аймақ құрамыз. Яғни, бұрынғы автонарықтың орнына өндіріс орындары шоғырланатын болады. Түрлі ұсыныстар болды, бірақ біз жұмыс орындарын құруды көздеп, өндіріс бағытын таңдадық. Өйткені бұл өңірде халық тығыз орналасқан", – деді облыс әкімі.

Айта кетейік, «Барыс» базары Алматы Бішкек тас жолының бойында орналасқан. Бұған дейін оның бір бөлігі мемлекет меншігіне өткен, дегенмен базар жұмысы әлі тоқтаған жоқ.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар