Белгілі дінтанушы, имам Нұрлан Байжігітұлы елімізде киік атуға рұқсат берілген тұста шариғат талаптарын сақтауға шақырды, деп хабарлайды Dalanews.kz Nege.kz-ке сілтеме жасап.
“Жалпы, даладағы аң-құсты кез келген адам ата беруге болмайды. Яғни, табиғатымыздың қорғалуы заңмен тыйым салынған болса, мұсылман яки христиан болса да, дінімізде браконьерлік арам болып есептеледі”, — дейді ол.
Ол қазақ халқының киікті ежелден киелі санап келгенін, тек аса қажеттілік туындағанда ғана атуға болатынын атап өтті.
“Қазақ халқы киікті ерекше кие тұтқан. Қажеттілік туындағанда атып, сойып жеуге болатын шығар. Бірақ мүйізі үшін сайын далада еркін жосқан киік малын қырып тастауға болмайды. Қазір киік саны көбейіп, атуға рұқсат берілді ғой. Десек те, кез келген аң-құсты атудың шариғат қойған нормасы бар”, — деп қосты ол.
Имам шариғатта аң-құс ату мен союдың нақты талаптары бар екенін де түсіндірді.
“Бірінші, кез келген аң немесе мал Алланың атымен, “бисмилла” сөзімен сойылуы керек. Оқ пен садақ атылған аң болса да бауыздалуы тиіс. Яғни, мал қанның толық шығып кеткенінен кейін өлуі керек. Мысалы, қан шығар-шықпай, кесілді-кесілмеді, кез келген аң-құс суға батып өлсе арам болады. Демек, пышақтың себебімен "бисмилла" айтып бауыздап, қан аққан соң адал болады”, — деді ол.
Сонымен қатар, “бисмилланы” кім айтатыны да маңызды екенін жеткізді.
“Бисмилланы” кім айтады? Оны “бисмилланың” иесі айтады. Яғни, мұсылман, христиан, яхуди болуы керек. Неге үшеуін бірге айтады? Бұл үшеуі де аспаннан түскен “Таурат”, “Забур”, “Інжіл”, “Құран” кітабын мойындайды. Сол үшін бұлардың малы “бисмилла” деп сойылса, адал болады. Егер атеист, отқа, суға, мүсінге табынатындар өлтірсе, ол киіктің еті арам делінген. Бұл аятта жазылған. Яғни, олар “Бисмилла” айтса да, адал деп есептелмейді”, — деп түйіндеді имам.