Мәжіліс депутаты Нұртай Сабильянов Парламентте халықтың мәселесін көтеретін, білікті депутаттар отыруы керек екенін айтты, деп хабарлайды dalanews.kz.
Депутат Мәжілістегі пікірталастар ашық өтуі тиіс екенін айтып, халық пен үкімет арасындағы мәселелер парламентте еркін көтерілуі керек екенін мәлімдеді.
«Депутаттар халықтың мәселесін көтеруі керек. Мәжіліске келген азаматтар заң жобасына қатысатын үкімет мүшелеріне сұрақ қойып, өз мәселесін ашық айтуы тиіс. Этика сақталуы керек, бірақ бұл жерде біреуді сынама немесе мәселе көтерме деген талап болмауы қажет. Парламент болғаннан кейін елдегі барлық мәселе ашық талқылануы керек», - деді Нұртай Сабильянов.
Оның пікірінше, Мәжілісте формалды түрде емес, нақты жұмыс істейтін азаматтар отыруы қажет.
Сабильянов қазіргі құрамда әртүрлі адамдар отырғанын айтып, халықтың сөзін сөйлейтін, тәжірибелі әрі кәсіби деңгейі жоғары депутаттардың қажет екенін меңзеді.
«Халықтың мәселесін шеше алатын, білімі мен білігі бар азаматтар жұмыс істеуі қажет. Қазір әртүрлі адамдар отыр. Сондықтан жұмыс істейтін, елдің сөзін сөйлейтін азаматтар келуі керек деп ойлаймын», - деді депутат.
Сонымен қатар ол депутаттардың жеке мүддесін парламент мінберіне шығаруы дұрыс емес екенін айтты.
Оның сөзінше, Мәжіліс халықтың проблемасын шешетін орын болуы керек, ал туыстарға қатысты мәселелерді көтеру депутаттық этикаға қайшы келеді.
«Ал жеке басына қатысты мәселелерді депутат парламентте көтермеуі тиіс. Өзінің туысына немесе жақынына байланысты мәселені Мәжіліске алып шығу этикаға жатпайды. Депутат қарапайым халықтың, шалғай ауылда жүрген азаматтардың мәселесін көтеріп, соның шешілуіне жұмыс істеуі керек», - деді Нұртай Сабильянов.