Алматыдағы қанды төбелес: екі жасөспірімнің өліміне қатысты іс үш бап бойынша тергеліп жатыр

Алматыдағы қанды төбелес: екі жасөспірімнің өліміне қатысты іс үш бап бойынша тергеліп жатыр
Фото: Алматы қаласы ПД

Алматыда болған жаппай төбелеске қатысты қылмыстық іс үш бап бойынша тергеліп жатыр. Бұл туралы Мәжіліс кулуарында Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов мәлімдеді, деп хабарлайды dalanews.kz.

Оның айтуынша, қазіргі таңда қылмыстық іс адам өлтіру және бұзақылықты қоса алғанда үш бап бойынша қозғалған. Іс аясында қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

"Негізгі күдіктілер тергеу сотының санкциясымен қамауға алынды. Қазір барлық мән-жай жан-жақты тексеріліп жатыр", – деді Санжар Әділов.

Министр орынбасары тараптар айтып отырған барлық уәж бен дерек сотқа дейінгі тергеу барысында мұқият қаралатынын атап өтті.

Айта кетейік, алдын ала мәлімет бойынша, жанжал Алматыдағы компьютер клубтарының бірінде басталған. Кейін жастар арасындағы кикілжің көшеде жалғасып, жаппай төбелеске ұласқан.

Қаза тапқан жасөспірімдердің бірінің анасы әлеуметтік желіде оқиғаға қатысты өз нұсқасын айтқан. Оның сөзінше, төбелес кезінде белгісіз жігіт ұлының досын пышақпен жүрек тұсынан жаралаған. Осыдан кейін ашуға булыққан жасөспірім күдіктінің соңынан жүгірген. Анасының айтуынша, сол сәтте оның ұлын да пышақтап кеткен.