«ҚазАвтоЖол» филиалы Жамбыл облысындағы жолдың нашар болуына байланысты айыппұл төлейді

Көркем Алдабергенова 17 шіл. 2025 19:00

Таразда мамандандырылған әкімшілік сот республикалық маңызы бар «Алматы–Ташкент–Термез-2» трассасындағы жол қауіпсіздігін қамтамасыз етпегені үшін «К.» акционерлік қоғамының облыстық филиалына айыппұл салу туралы істі қарады, деп хабарлайды Dalanews.kz.

Іс қозғауға не себеп болды?

2025 жылдың ақпанында әкімшілік полиция инспекторы «ескі Күйік асуы» арқылы өтетін жол учаскесін тексерген. Нәтижесінде қозғалыс қауіпсіздігіне қатысты 13 кемшілік анықталып, оларды жою жөнінде нұсқама берілген. Алайда белгіленген тәртіп бұзушылықтар түзелмеген.

Соттағы тараптардың уәжі

Сотта мекеме өкілі кінәні мойындамай, барлық жауапкершілік мердігер компанияға тиесілі екенін айтып, істі тоқтатуды сұрады. Ал полиция өкілі бұл трассада жиі жол апаты болатынын, жүргізушілерден шағым көп түсетінін айтып, мекемені жауапқа тартуды сұрады.

Қандай шешім шықты?

Сот материалдармен танысып, құқық бұзушылықтың орын алғанын растады. Нәтижесінде «К.» АҚ филиалына 500 айлық есептік көрсеткіш көлемінде, яғни 1,9 миллион теңге айыппұл салынды. Рұқсат құжаттарының қолданылуы немесе қызметі тоқтатылған жоқ.

Шешім заңды күшіне енді.


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар