Формалды шетелдік келісімшарт бойынша елімізден 2 млн доллар заңсыз шығарылған

Кәмшат Тілеухан 18 шіл. 2025 12:40

Қазақстанда 2 млн долларды елден шығару үшін сыртқы экономикалық келісім жасалған. Нақтырақ айтқанда, келісімшарттар формалды сипатқа ие болған, деп хабарлайды Dalanews.kz.

"Алматы облысының прокуратурасы 2 млн доллар көлемінде валюта заңнамасының бұзушылығын анықтады. ЖШС шетелдік компаниямен жалпы құны 6 млн АҚШ долларын құрайтын тауар жеткізуге сыртқы экономикалық шарт жасасқан. Ақша қаражаты резидент еместің шотына аударылған, алайда тек 3,7 млн АҚШ долларының тауары жеткізілген. Қалған қаражат шарттық міндеттемелерді формалды түрде бүркемелеу арқылы іс жүзінде елден шығарылған. Компания қаражатты қайтару бойынша ешқандай шаралар қабылдамаған, ал салық органдары репатриация талабын орындамау бойынша тиісті шараларды қолданбаған", делінген ведомство хабарламасында.

Анықталған құқықбұзушылықтарға байланысты облыс прокуратурасы ҚР ӘҚБтК-нің 251-бабы 2-бөлігі бойынша (ұлттық және (немесе) шетел валютасын репатриациялау талабын орындамау) әкімшілік іс қозғады.

Қонаев қаласының сотының қаулысымен ЖШС кінәлі деп танылып, оған 239 млн теңге көлемінде әкімшілік айыппұл салынды.

Сот актісі заңды күшіне енді.

 


Ұсынылған
Соңғы жаңалықтар