Back
| DalaNews

Каспийдің тағдыры қашан шешіледі

Каспий маңындағы 5 мемлекеттің министрлері теңізді тағы да бөлісе алмауда. Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран мен Түркіменстанның Сыртқы істер министрлері Каспийдің әр елге тиесілі аумағын анықтау үшін Астанаға жиналған болатын. Дипломаттар есікті жауып алып, кеңескенімен ортақ мәмілеге келе алмағаны тағы белгілі болды. Енді келесі жылы қазақ жерінде мемлекет басшыларының қатысуымен өтетін «Каспий бестігінің» бесінші саммиті өтеді. Сол кезде мәселе шешіліп қалар деген үміт бар.  

Каспий маңындағы бес мемлекет теңізді теңдей бөліп алу мәселесін 20 жылдан бері шеше алмай жүр. Өйткені, түбі тұнып тұрған табиғи байлық – мұнай, газ, ал суында бекіре жүзген және әскери-теңіз флоты мен ең тиімді көлік транзитін Қазақстан, Ресей, Әзірбайжан, Иран мен Түркіменстан бірдей пайдаланғысы келеді. Әсіресе, біздің ел үшін Каспий бірінші кезекте шекаралық аймақ ретінде маңызды. Әрі Қазақстанға географиялық тұрғыдан да теңіздің көбірек бөлігі тиесілі. Мұнымен теңізді тең бөлгісі келетін көршілердің келіскісі жоқ.

Өз кезегінде ҚР Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысов:

– Каспийдің құқықтық мәртебесін тезірек бекітіп, Конвенцияны қабылдау қажет. Құжат теңіз маңындағы мемлекеттердің өзара қарым-қатынасын реттейді және Каспийдің айналасындағы аймақтардың тұрақтылығы мен дамуына кепіл болады. Сондықтан келісімді барынша жеделдетуіміз керек,  – деді.

Оның үстіне, Каспийдің географиялық статусы әлі анықталмай отыр. Егер Каспий теңіз деп мойындалса, әркім өз территориясындағы мұнай мен газды пайдалана береді. Ал, Каспий көл деп танылса, онда қазба байлық әр елге бірдей үлестірілуі тиіс. Ең үлкен мұнай кеніші Қашағанның да тағдыры дәл осы шешімге байланысты. Сондықтан бүгін қызу пікірталас болды. Мәселен, Әзірбайжанның Сыртқы істер министрі Эльмар Мамедияров аймақтағы тұрақтылық, қауіпсіздікпен қатар әр елдің егемендігін ескеру қажет екенін алға тартуда. Сондай-ақ, ол Каспий маңындағы бес мемлекет бір-бірінің ішкі мәселесіне араласпауын талап етті. Иран жағы болса, теңізді тек бейбіт жағдайда пайдалануға, әскери техниканы мүлдем қолданбауға шақырды.

Биыл қазақ жерінде өтеді деп жоспарланған «Каспий бестігінің» бесінші саммиті де келесі жылға қалып отыр. Оған дейін Сыртқы істер министрлері тағы жиналып, бірқатар құжаттарды дайындамақ. Мемлекет басшылары қатысатын саммитте нақты ұсыныстар айтылуы тиіс және Каспийді бөліп алу мәселесіне нүкте қойылады. Құжат қабылданса, Қазақстанның теңіз аймағындағы шекара мәселесі де түбегейлі шешіледі деген сөз.

Жәудір Оразхан

 

Дереккөзі: КТК телеарнасы